Accessibility links

Көші-қон полициясы Қытайда 16 жыл қамауда болған Зейнолланың Қазақстан азаматы екенін растады


Рақыжан Зейнолланың Қытайда 16 жыл қамауда отырып, Қазақстанға оралған сәті. 9 сәуір 2021 жыл. Алматы қаласы.
Рақыжан Зейнолланың Қытайда 16 жыл қамауда отырып, Қазақстанға оралған сәті. 9 сәуір 2021 жыл. Алматы қаласы.

25 тамызда Алматы облыстық көші-қон қызметі Қытайда 16 жыл қамауда отырып, биыл сәуір айында Қазақстандағы отбасына оралған Рақыжан Зейноллаға Қазақстан азаматы екенін растайтын құжат берді.

Әйелі Фарида Қабылбек күйеуі Рақыжан Зейнолланың баспасөзбен сөйлескісі келмейтінін айтты.

- Ол Қытай түрмесіндегі үрейден әлі арыла алмай жүр. Қазақстанға кетерде Қытай полициясы "басынан өткен жайтты жарияламау" жөнінде құжатқа қол қойдырып алған. Сондықтан ешкімге сұқбат бергісі келмейді. Бүгін Қазақстан азаматы болғанын растайтын құжат алғанына қатты қуанып отыр, - дейді Рақыжан Зейнолланың әйелі.

Рахыжан Зейнолла 2003 жылы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырған. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оған азаматтық беру туралы жарлығы да шыққан. Бірақ Қазақстан азаматы екенін растайтын куәлігін алмай тұрып, Қытайға қыдырып барған ол кері қайта алмай қалған.

Бұған дейін әйелі Фарида Қабылбек күйеуі Рақыжан Зейнолланың Қытайда "ақпарат тасушы саяси қылмыскер" деген айыппен 13 жылға жазықсыз сотталғанын айтып, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бірнеше рет наразылыққа шыққан.

Рахыжан Зейнолла 2018 жылы түрмеден шығып, қайта ұсталып, тағы да бір жыл саяси лагерьде болған. Одан кейін тағы да екі жылға жуық үйқамақта отырған ол 2021 жылы 9 сәуірде Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келген.

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Ол әуежайдан шыққанда "Сізге Қазақстанға келер алдында Қытай тарапынан қандай да бір ескерту жасалды ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына "жоқ" деп жауап берген.

58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп, Алматы облысына қоныстанған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан.

Фарида Қабылбек Қытайдағы күйеуін босатуды талап етіп, Алматыда наразылық пикеттерін өткізген.

Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді.

Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа - 166 күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:48 0:00

Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.

БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.

Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілдес мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елі Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай Батысты "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG