Accessibility links

Ұстаздар еңбек сабағын ұлдар мен қыздарға бірге оқыту ережесіне қарсылық білдірді


Орал мұғалімдерді еңбек сабағын бірге оқытуға қарсылық білдіріп тұр. 26 тамыз, 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының педагогтары ұлдар мен қыздардың еңбек сабағын бірге өткізуге қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, мұның кесірінен мұғалімдердің жартысының жүктемесі де, жалақысы да азаяды. Оның үстіне жаңа форматпен оқытуға қажет оқулық та, білім бағдарламасы да жоқ.

26 тамызда таңертең жиырма шақты ұстаз Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы ғимаратының алдына жиналды. Олар сыныптың толу-толмауына қарамастан, көркем еңбек сабағын ұлдар мен қыздарға бөлек өткізу туралы ережені білім берудің мемлекеттік стандартынан алып тастау туралы білім және ғылым министрі бұйрығының күшін жоюды сұрады.

— Ұлдар мен қыздар еңбек сабағын бірге өткізеді деген бұйрық былтыр шыққан. Былтыр біз бұған қарсы шықтық, бізді басқа қалалардағы әріптестер де қолдады. Соның арқасында бұрынғы тәртіпті сақтап қалдық. Бірақ биыл көктемде жаңа оқу жылынан бастап өзгеріс болады деген хат келді, — деді Махамбет ауылындағы еңбек пәнінің мұғалімі Ғалымжан Қиясов.

— Ұлдарға еңбектен сабақ берген әріптесім жұмыссыз қалады. Бұрын ол 16 сағатпен толық жүктемемен жұмыс істеген болса, енді тек 2-ақ сағаты қалады. Ол айына 50 мың теңге кем алады. Бұл ақшаға қалай күн көреді? Жұрттың бәрінің бала-шағасы, несиесі бар, ал бұл ақша жолына да жетпейді, — деді Бәйтерек ауылының мұғалімі Қарлығаш Құрманова.

Оның үстіне, біріккен сабақтың қалай өтетіні белгісіз, дайын бағдарлама да, оқулық та жоқ дейді ұстаздар.

— Ұлдар тамақ пісіріп, қыздар ағаш аралай ма, әлде біз, ұстаздар екі шеберхана арасында сабылып жүреміз бе? Түсініксіз. Әр мектепте тек ұлдар ғана жұмыс істейтін бөлек кабинеттер болды, онда станок, құрал-сайман болды. Қыздар тамақ пісіріп, киім тігетін бөлек бөлме де бар еді. Биыл қалай болады, білмейміз, — деді Раздольное ауылының мұғалімі Людмила Григоренко.

Білім басқармасы сабақтың жаңа форматпен өтетіні туралы бұйрық былтыр шыққанын, бұл жөнінде мұғалімдер құлағдар болғанын айтты.

— Олардың жаңа жұмыс іздеп, басқа қалаға көшуге бір жыл уақыты болды. Басқа жұмыс ұсына алмаймыз, әркім өз мамандығымен істеуі керек, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева.

"Бізде ерлердің және әйелдердің мамандығы деген жоқ" деді ол. Сондықтан еңбекке баулуда оқушыларды гендерлік тұрғыда бөлуге болмайды.

Көркем еңбек сабағы жалпы білім беретін мектептердің 5-9 сыныптарында өтеді.

Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова былтыр көркем еңбекті ұлдар мен қыздарға бөлек оқытудан бас тарту бастамасына қатысты пікір айтып, "қоғамда ерлер мен әйелдер мамандығы деген түсінік 5-10 жыл бұрын жойылғанын" айтқан.

"Қазір аспаз, кондитер, ресторатор, шаштараз, тігінші және басқа мамандықтармен ерлер де айналысады, ал әйелдер фермер, жүргізуші, тракторшы, комбайншы бола алады, ал бокс, күрес және футбол әйелдердің спорт түріне айналды... Өмірдің осы шындығына мектеп бейімделмеуі керек пе деген заңды сұрақ туындайды" деп жазған вице-министр Facebook парақшасында.

Бұған қоса Каринова оқушыларды ұлдар мен қыздар деп бөлек оқыту "қаржылық олқылыққа, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануға алып келгенін" айтқан. Дегенмен вице-министр балалар мен ата-аналардың қалауы бойынша еңбек сабақтарын бөліп оқытуға да болатынын ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG