Accessibility links

Кабул әуежайындағы жарылыстан 60-қа жуық адам өлді. Арасында АҚШ-тың 12 сарбазы бар


Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Кабул қаласының халықаралық әуежайында бейсенбі күні болған екі жарылыстан 60-қа жуық адам өліп, кемі 140 адам жараланған. Радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымы жарылысты ұйымдастырғанын мойнына алған.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің екі қызметкеріне сілтеген CNN хабарына қарағанда, алғашқы жарылыс Кабул әуежайына кіре берісте, екіншісі әуежайға жақын маңдағы Barron қонақүйінде болған.

Әуежай алдындағы жаралыстан өлгендер мен жараланғандар көп. Арасында АҚШ-тың әскери қызметкерлері де бар. Бастапқыда "теңіз жаяу әскерінің төрт сарбазы өлді" деген еді. Кейіннен Пентагон 12 сарбаздың өлгенін хабарлады. Кемі 15 әскери қызметкер жараланған. Бұл - кейінгі жылдары АҚШ әскерінде бір сәтте болған үлкен шығын.

Әуежай алдында жанкешті адам өзін жарып жіберген. Террордан өлгендердің нақты саны белгісіз. Өлгендердің көпшілігі эвакуациялық рейстермен Ауғанстаннан кету үшін әуежайға келген ауғандар.

Террорға байланысты АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде мәлімдеме жасады. Террордан өлген Америка сарбаздарын "өзге адамдарды құтқару жолында жан қиған батырлар" деп атады. Кабул әуежайында АҚШ әскері Ауғанстаннан кетіп жатқан мыңдаған адамның қауіпсіздігін бақылап тұр. Байденнің сөзінше, кейінгі 11 күнде 100 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Байден АҚШ теракт жасағандарды тауып, жазаға тартады деп мәлімдеп, террорды "Ислам мемлекеті" ұйымын жасаған болуы мүмкін деді. Байденнің сөзінше, Кабулдан эвакуация жалғаса береді, 31 тамызға дейін АҚШ әскерін алып кету туралы жоспар өзгермеген.

Америка билігінің Ауғанстаннан әскерді әкету туралы шешімін сынағандарға 16 тамызда Джо Байден "Ауғанстанда АҚШ азаматтары мен әскеріне қастандық жасалса жылдам және ойсырата соққы беретінін" айтқан еді. АҚШ Өкілдер палатасындағы жалғыз әскери священник, конгрессмен Даг Коллинз осы сөзді ұстап, Байденді әрекетке шақырып отыр.

"Президент Байден бір апта бұрын "Талибанға» қарулы күштеріміз бен әуежайдағы жұмысымызға жасалған кез келген шабуылға тез арада жауап қататынымызды түсінікті жеткіздік" деген еді",- деп жазды Коллинз "Твиттер" парақшасына.

Кабулдан алып кететін эвакуация рейстеріне ілігу үшін әуежайының алдында мыңдаған ауған шоғырланды.

"Олар бостандық пен қауіпсіз өмірді қалады. Төтенше жағдай кезінде өте жиіркенішті шабуыл жасалды", – деді әуежайдағы террор туралы Германия канцлері Ангела Меркель.

Норвегия Сыртқы істер министрі Ине Мари Эриксен Сёрейде әуежайға кіру мүмкін болмағандықтан эвакуацияны тоқтата тұратынын мәлімдеді.

Тамызда Кабулды соғыссыз алған соң "Талибан" қозғалысы Ауғанстанға толық бақылау орнатқанын жариялады. Эвакуация басталғалы АҚШ пен одақтастары Кабулдан 90 мыңнан астам адамды алып кеткен. Оның ішінде тәліптердің қуғын- сүргінінен сескенген ондаған мың ауған бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG