Accessibility links

Жамбыл облысында жарылған әскери қойма маңы әлі түтіндеп жатыр


Қару-жарақ қоймасы жарылған әскери бөлім маңына баратын жолды полиция жауып тұр. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Сарыыкемер ауылы. 27 тамыз 2021 жыл
Қару-жарақ қоймасы жарылған әскери бөлім маңына баратын жолды полиция жауып тұр. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Сарыыкемер ауылы. 27 тамыз 2021 жыл

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыс орнынан әлі түтін шығып жатыр. Бұл туралы жарылыс аймағына барған Азаттық тілшісі хабарлады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, оқиға болған маңайға полиция ешкімді жібермейді. Қазір ол маңда төтенше жағдай қызметкерлері мен өрт сөндірушілер тұр. Жол жағасына штаб орналасқан.

-Әскери бөлім төңірегінен әлі де түтін шығып жатқаны байқалады. Кей ақпараттарға қарағанда ол жақта қару-жарақ қоймасы көп. Бірақ қаншасы жарылғаны белгісіз. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазір жарылыс аймағында жүр,- дейді Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлы.

Тілшінің айтуынша, кеше әлеуметтік желілерде тараған видеолардың бірінде көрінген кафе мен жанармай бекеті жарылыс толқынынан айтарлықтай зардап шеккен. Әйнектері сынып, жақтаулары ұшып кеткен.

Кеше 26 тамызда кешкі сағат 19 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыс болып, кемі 66 адам зардап шеккені хабарланған. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ақпарат таратқан.

Қорғаныс министрлігі мәліметінше, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталады, бірақ олар алысқа ұша алмайды. Төңіректегі ауыл адамдарын қауіпсіз жаққа көшіру туралы шешім қабылданған.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, оқиға орнынан 1 километрге жетпейтін жердегі 250 тұрғыны бар Қайнар ауылы адамдары эвакуацияланған.

"Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланып жатыр" делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

26 тамызда кешкі сағат жеті шамасында Тараз қаласының маңындағы әскери қойма жанында жарылыс болды. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бөлім Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан 18 километр қашықтықта орналасқан.

"Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында сағат 19:00 шамасында өрт шықты. Өрт кесірінен белгісіз заттар жарылды" делінген қорғаныс министрлігінің сайтында.

"Өрт сөндіріліп жатыр. Оттың тұтану себебі анықталу үстінде. Оқиға орнына министрдің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев басқарған комиссия жіберілді" делінген министрлік хабарламасында.

Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, қоймада кемінде сегіз жарылыс болған, өрт тоқтаған жоқ. Оқиға орнына жедел жәрдем және полиция көліктері өтіп жатыр, журналистер жарылысты алыстан бақылап тұр.

Әуесқой видеокадрларға қарағанда, жарылыстардың жойқын болғаны және түнгі сағат екі кезінде де қайталанғаны байқалады.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда куәгерлер жолдардың жабылғанын айтып, оқиғаны былтыр Түркістан облысы Арыс қаласында әскери қоймада болған жарылыспен салыстырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG