Accessibility links

Қорғаныс министрі: Әскери қоймада жарылған оқ-дәрі Арыс қаласынан әкелінген


Әскери қоймадағы жарылыс дүмпуінен қираған кафе. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы. 27 тамыз 2021 жыл.
Әскери қоймадағы жарылыс дүмпуінен қираған кафе. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы. 27 тамыз 2021 жыл.

Жамбыл облысында жарылған әскери қоймадағы оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінген. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылған жаққа барған Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймалардан әкелінген инженерлік оқ-дәрілер 3 км-ге дейін ұшуы мүмкін.

Министр болжамынша, жарылысқа қауіпсіздік талаптары сақталмауы себеп болуы, химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия болуы да мүмкін.

Нұрлан Ермекбаев жарылыстан қаза тапқан 4 адамның аты-жөнін айтты.

- Оңтүстік округтің әскери прокуроры полковник Қапезов, сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов және әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев мерт болды. Туыстарына әріптестерімнің атынан көңіл айтамын, - деді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, жарылыстан кейін хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адам іздестіріліп жатыр.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.

2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді.

Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Олар кейінірек Арысқа қайта оралған.

Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

Биыл 26 шілдеде Шымкент қаласындағы әскери бөлімде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адам сотталған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG