Accessibility links

Қорғаныс министрлігі: Жарылыста оқ-дәрі бөлшектері мен қалдықтары жан-жаққа ұшқан жоқ


Әскери полиция Тараз-Алматы күре жолын жауып тұр. Жамбыл облысы Байзақ ауданы. 27 тамыз 2021 жыл.
Әскери полиция Тараз-Алматы күре жолын жауып тұр. Жамбыл облысы Байзақ ауданы. 27 тамыз 2021 жыл.

Жарылыста оқ-дәрі бөлшектері мен қалдықтары жан-жаққа ұшқан жоқ. Бұл ақпаратты Қорғаныс министрлігі таратты.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік "Әскери қоймадағы жарылыс жарықшақтары 2 км-ге дейін жеткен. Қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған" деген мәліметті жариялаған еді.

Жамбыл облысындағы жарылыстың мән-жайын түсіндірген Қорғаныс министрлігі "әскери қойманы инженерлік оқ-дәрі қоймасы" деп сипаттайды.

-Инженерлік оқ-дәрілер қоймасының артиллериялық және реактивті оқ-дәрілер қоймасынан айырмашылығы онда снарядтар сақталмайды. Өрт пен жарылыс кезінде олар қатты толқын, ауқымды жалын мен дүмпу туғызады. Оқ-дәрілердің ірі бөлшектері, сынықтары мен қалдықтары жан-жаққа ұшқан жоқ,-деп түсіндіреді.

Министрліктің жазуынша "Инженерлік оқ-дәрілер – бұл табиғи нысандар (жартас, тау) мен қолдан салынған ғимараттарды бұзуға арналған құрылғылар. Оны жау техникасы мен адам күшін жою үшін де қолдануға болады. Бұлар – зарядтар, фугастар, жаяу әскерге және танкке қарсы миналар, тротилдер мен басқа да жарылғыш заттар".

Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, "бастапқы өртті тоқтату мүмкін болмай, басқа қоймаларға тараған. Соның салдарынан инженерлік оқ-дәрілер бірнеше рет жарылған. Әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер қоймасы 1972 жылдан бері бар. Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін 2019 жылдан бастап осы қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылған. Бұл оқ-дәрілер қоймасында алыс қашыққа арналған снарядтар жоқ".

Бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысында жарылған әскери қоймадағы оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінгенін айтқан. 2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылысынан қаза болғандар көбейе бастады. Бастапқыда 4 адам өлгені хабарланған. Қорғаныс министрі Оңтүстік округтің әскери прокуроры полковник Қапезов, сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов және әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев мерт болып, бірнеше адам із-түзсіз кетті деген болатын.

Бүгін түске қарай Қорғаныс министрлігі хабарсыз кеткендердің бірі - өрт сөндіру командасының бастығы, келісім-шарт қызметінің старшинасы 1992 жылы туған Еркін Нәдірбековтің жарылыс кезінде қаза болғанын жариялады.

Сол өңірде жүрген Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының сөзінше, жарылыс салдарынан тағы бір өрт сөндіруші Елдос Сандыбаевтың қаза болғаны анықталған.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG