Accessibility links

Прокуратура соттан белсенді Асқар Қайырбектің түрмедегі мерзімін ұзартуды сұрады


Белсенді Асқар Қайырбек Қытай экспансиясына қарсы пиктке шығып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы 18 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Асқар Қайырбек Қытай экспансиясына қарсы пиктке шығып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы 18 тамыз 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке кесілген жаза аз болды деп санайды.

Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық сот алқасы прокурордың "тыйым салынған экстремистік ұйым жұмысына қатысты" деп айыпталып, 1 жыл 6 айға абақтыға қамалған азаматтық белсенді Асқар Қайырбектің түрмедегі мерзімін ұзарту туралы апелляциялық өтінішін қарап жатыр. Сот шешімі 2 қыркүйекке қалдырылды.

Асқар Қайырбек жөнінде апелляциялық шағымды прокурор Марат Шырынбеков түсіргенмен, сотқа басқа прокурор Есебаев қатысты.

- Асқар Қайырбек жөнінде биыл 21 маусымда шыққан сот шешімін өзгертуді сұраймын. Оны Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды, 5 жылға дейін әлеуметтік желіні пайдалануға және қоғамдық саяси жұмыстарға араласуға тыйым салуды сұраймын,- деді прокурор сотта.

Прокурор апелляциясына Асқар Қайырбектің өзі де, адвокаты да келіспеді. Керісінше, адвокат соттан Асқар Қайырбекті экстремизм бабымен айыптаған бірінші сот сатысының үкімін бұзып жеке қаулы қабылдауды, оны дереу босатуды сұрады.

- Алдымен 1 жыл 6 айға жазалап, кейін тағы да жаза қосуға негіз жоқ. Асқар Қайырбекті "конституциялық құрылымды өзгертіп, билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыптау да заңсыз. Қолында қаруы, артында әскері жоқ адам не істей алады? Асқар Қайырбек – өз ойларын жариялап жүрген блогер. Қоғамдық саяси жұмыстарға араласуға бес жылға дейін тыйым салу да оның конституциялық құқығын бұзады. Ол сайлауға қатысу, сайлану, еркін жүріп-тұру тәрізді құқықтарынан айырылады,- деді адвокат Мейіржан Досқараев.

44 жастағы Асқар Қайырбекті Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты 21 маусымда Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айыпты деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Сот үкіміне сай Қайырбек жазасын қоныс колониясында өтеуге тиіс.

Былтыр 22 желтоқсанда қамауға алынған Асқар Қайырбектің соты биыл 25 наурызда басталған. Оны бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысы бар деп қамауға алған.

Асқар Қайырбек бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-тен 15 тәулікке дейін абақтыға жабылған.

Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы HRW Қазақстанға 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін де қайта қарауды ұсынған. Бұл ұйымның мәлімдемесінде Асқар Қайырбек те аталған. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG