Accessibility links

Кабулдағы теракт құрбандарының саны 100 адамнан асты


Жанкешті жасаған терактіден зардап шеккен адамды ауруханаға әкеле жатыр. Кабул, 26 тамыз 2021 жыл.
Жанкешті жасаған терактіден зардап шеккен адамды ауруханаға әкеле жатыр. Кабул, 26 тамыз 2021 жыл.

Кабул әуежайы маңында бейсенбідегі бірнеше жарылыстан қаза тапқан адам саны жүзден асты.

Кабул ауруханаларынан алынған соңғы мәлімет бойынша, кемінде 90 ауған азаматы мерт болып, 150-ге жуығы жараланған. Теракт салдарынан жараланған АҚШ-тың бір әскери қызметішісі көз жұмған. Сөйтіп, Кабул әйежайына кірер жолды күзетіп тұрған америкалық әскерилерден қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Ауғанстанда кейінгі бірнеше жылда АҚШ әскерінен бір шабуылда осынша көп адамның қаза табуы алғаш рет болып отыр.

Бейсенбіде Кабул әуежайына кіреберіс пен жақын маңдағы қонақүйдің алдында топ адамның ішіне кірген жанкештілер өзін жарып жіберген. Террорлық шабуыл салдарынан 18 америкалық сарбаз жараланған, олардың бәрі Ауғанстаннан әкетілді деп хабарлады "Америка дауысы" радиосы.

Бұл шабуылды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) мойнына алды. Бұл ұйым Ауғанстанға қазір билігін орнатқан "Талибан" радикал қозғалысымен қас, оған қарсы бірнеше теракті жасаған.

АҚШ президенті Джо Байден Кабулдағы шабуылдарға байланысты Ақ үйде сөйлеген сөзінде қаза тапқан америкалық сарбаздарды қаһарман деп атап, АҚШ теракт жасаған қаскөйлерді тауып алып, жазасын береді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Пентагонға Кабулда теракт жасағандарға соққы беру жоспарын әзірлеу тапсырылған.

Байден Кабулдан эвакуциялау операциясы жалғасатынын, америкалық әскерилерді Ауғанстаннан 31 тамызға дейін әкету жоспары өзгермейтінін айтты. Террористер АҚШ-ты миссиясын тоқтатуға мәжбүр ете алмайды деді ол.

Кабул әуежайындағы америкалық әскерилер АҚШ және өзге елдердің азаматтарын Ауғанстаннан эвакуациялауға жәрдемдесіп жатыр. Байденнің сөзінше, 15 тамыздан бері 100 мыңнан астам дам эвакуацияланған.

Франция президенті Эммануэль Макрон Кабулдағы терактіні айыптап, әуежайда эвакуация операциясын іске асырып жатқандардың "ерен ерлігін" атап айтты. Франция бұл істі аяғына жеткізеді деді ол.

Испания премьер-министрі Педро Санчес те Кабул әуежайы маңында болған террорлық шаубылды айыптап, тіпті терактіден кейін де испан үкіметі Ауғанстаннан неғұрлым көп адамды қауіпсіз жерге шығаруға тырысатын болады деп мәлімдеді.

Австралия мен Норвегия Ауғанстаннан азаматтарын эвакуациялауды тоқтата тұруды ұйғарды.

АҚШ конгресі мүшелері президент Байден мен оның әкімшілігін Кабул әуежайы маңында америкалық сарбаздарды мерт қылған терактіге кінәлілерді тауып, жауапқа тартуға шақырды. Өкілдер палатасындағы республикашылдар лидері Кевин Маккарти спикерге Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін каникулда жүрген заң шығарушыларды шұғыл шақырып, төтенше сессия өткізу жайлы ұсыныс айтты.

Республикашылдар Кабул әуежайындағы терактілер мен өзге де бірқатар кемшіліктерге жол берді деп Ақ үй басшылығын сынайды. "Дұшпанымыз әскері қалай болса солай шығаруды өзіне ұтымды пайдаланып кетті"деп мәлімдеді Маккарти.

  • Тамыздың ортасында "Талибан"радикал қозғалысы (Қазақстанда террорлық ұйым ретінде тыйым салынған) Ауғанстанда билікті басып алды. АҚШ өз азаматтары мен одақтас елдердің азаматтарын Ауғанстаннан 31 тамызға дейін алып кетуді жоспарлап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG