Accessibility links

COVID дерегі: Қазақстанда 6555 науқас тіркелді, 131 адам көз жұмды


Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус орталығындағы реанимация палатасы. 6 тамыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус орталығындағы реанимация палатасы. 6 тамыз 2021 жыл.

Кейінгі бір тәулікте Қазақстанда коронавирус (КВИ+) жұқтырғаны зертханада анықталған 6233 науқас, ал ПТР нәтижесі теріс (КВИ-) болса да, клиникалық белгісі Covid-ке ұқсас "ковидтектес пневмония" диагнозымен 322 адам тіркелген.

Сенбі күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ресми деректе коронавирус салдарынан 104 адам, "ковидтектес пневмониядан" 27 адам көз жұмғаны айтылған.

Пандемия басталғалы Қазақстанда Covid-19 жұқтырған 8983 адам, ал "ковидтектес пневмониядан" 4364 адам көз жұмған. Алайда кей сарапшылар індет салдарынан қайтыс болғандар саны ресми деректен анағұрлым көп болуы мүмкін дейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір 115 мыңдай адам коронавирустан емделіп жатыр, оның 25 мыңнан астамы – стационарда. 1800-ден астам адамның жағдайы ауыр, 500-ден көбі аса ауыр халде, ал 308 науқас өкпе желдеткіш аппаратқа қосылған.

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда коронавирус жұқтырған 774 мың науқас тіркелген, оның 656 мыңнан астамы дерттен айыққан.

Биыл жазда елде індет өршіп, науқас пен өлім-жітім көбейген. Денсаулық сақтау саласы басшылары бұған коронавирустың жылдам жұғатын "Дельта" вариантының таралуы, оған қоса жұрттың қауіпсіздік ережелерін, маска режимін сақтамауы себеп болды деп түсіндіреді.

Қазір Қазақстанның түгелге дерлік аймағы коронавирус ахуалына байланысты "қызыл аймақта", жалғыз Түркістан облысы ғана "жасыл аймақта" тұр.

Ресми мәліметке сай, елде коронавирусқа қарсы екпені 6,5 млн-нан астам адам алған, соның ішінде 5,2 млн адам вакцинаның екі дозасын толық алған. Елде қазір негізінен Ресейде әзірленіп, Қарағанды зауытында шығарылған "Спутник V" вакцинасы және қазақстандық QazVac екпесі қолданылады. Сонымен бірге тамыз айында елге жеткізілген Қытайдың Sinopharm компаниясы әзірлеген Vero Сell вакцинасын да салып жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университеті мәліметі бойынша, әлемде Covid жұқтырғандардың ресми саны 215 миллионнан асты, 4,4 млн-нан астам адам көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG