Accessibility links

Молдова тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлады


Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара. Кишинев, Молдова, 27 тамыз 2021 жыл.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара. Кишинев, Молдова, 27 тамыз 2021 жыл.

Молдованың батысшыл президенті Майя Санду бұрынғы совет республикасының тәуелсіздігі туралы декларациясын жариялағанына 30 жыл толғанына арналған мерекелік шараны ашқанда сөйлеген сөзінде "гүлденген, еркін Молдова құруға" уәде етті.

Еуропадағы ең кедей ел саналатын Молдова қоғамды дендеп алған жемқорлыққа және 1991 жылы Совет одағынан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін отандастарын тіршілік қамымен шетелге кетуге мәжбүр ететін жоқшылыққа қарсы күрес жүргізіп келеді.

"Қазіргі басты мақсатымыз – күнелту үшін шетелге кетуге мәжбүр болған Молдова азаматтарының үйге оралуына жағдай жасау" деді 27 тамызда Кишиневте өткен салтанатты жиында президент Санду.

3,5 млн халқы бар Молдованың млн-ға жуық азаматы күнкөріс қамымен шетелде, негізінен Еуропа одағында тірлік кешіп жүр.

Гарварда білім алған 49 жастағы экономист Майя Санду былтыр қарашада өткен президент сайлауында Мәскеудің қолдауына сүйенген саяси бәсекелесі Игорь Додонды жеңген. Санду сайлауалды науқанын елде реформалар жүргізу, жемқорлықпен күресу, Еуропа одағы және АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайту ұранымен өткізген.

Биыл көктемде Санду өз бастамасына қарсылық танытқан парламенті таратып, шілде айында елде жаңа парламент сайлауы өткен. Онда Сандудың "Әрекет және ынтымақ" партиясы (PAS) жеңіске жеткен.

Бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында президент Санду Молдованың Ресеймен қарым-қатынасын прагматизмге сүйеніп жүргізгісі келетінін айтқан. Бұған қоса ол Мәскеуді Молдованың жікшіл аймағы – Приднестровьеден Ресей әскерін алып кетуге үндеген.

1990 жылы Приднестровье өзін Молдовадан тәуелсіз аймақ деп жариялағаннан кейін Мәскеу ол өңірде совет заманынан қалған қару-жарақ қоймасын қорғауды сылтауратып әскерін енгізген. Содан бері Ресей Приднестровьеде 1400-ге жуық сарбазын ұстап отыр.

Молдова тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысу үшін Кишиневке Румыния президенті Клаус Йоханнис, Польша президенті Анджей Дуда және Украина президенті Владимир Зеленский барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG