Accessibility links

АҚШ сенаторы Роберт Кеннедиді өлтірген адам түрмеден босатуды сұрайды


Серхан Серхан.

АҚШ-тың Калифорния штатының рақымшылық жөніндегі комиссиясы 1968 жылы сенатор Роберт Кеннедиді қастандықпен атып өлтіргені үшін өмір бойына бостандығынан айырылған, шыққан тегі палестиналық АҚШ азаматы Серхан Серханды босатуды ұсынды. Бұл туралы АҚШ-тың Los Angeles Times газеті хабарлайды.

АҚШ президентьі Джон Кеннеди (сол жақта) елдің әділет министрі (бас прокурор) қызметіндегі інісі Роберт Кеннедимен сөйлесіп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 28 наурыз 1963 жыл.
АҚШ президентьі Джон Кеннеди (сол жақта) елдің әділет министрі (бас прокурор) қызметіндегі інісі Роберт Кеннедимен сөйлесіп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 28 наурыз 1963 жыл.

Роберт Кеннеди АҚШ президенті болған ағасы Джон Кеннеди қастандықпен өлтірілгеннен кейін бес жылдан соң кісі қолынан мерт болды. Ағасы президент болған кезде ол бас прокурор қызметін атқарды.

Роберт Кеннеди америкалық мафияға қарсы ел ішінде үлкен дабыра туғызған сот процестерін ұйымдастыруымен әйгілі болды. Ол бас прокурор болған тұста елде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін жазалау үкімі шыққан сот процестерінің саны 800 пайызға өскен еді.

1964 жылы Роберт Кеннеди қызметінен кетіп, Нью-Йорк штатынан сенатқа сайланды. Төрт жылдан кейін ол президенттікке үміткер ретінде кандидатурасын ұсынды. Роберт Кеннеди Калифорния праймеризінде жеңгенін жариялағаннан кейін іле-шала Лос-Анджелестегі Ambassador қонақ үйінде атып өлтірілген. Оны өлтірген адам – 24 жастағы Серхан Серхан оқиға орнында ұсталған.

Сенатор Роберт Кеннедидің өліміне күдікті Серхан Серхан (ақ жейде киген) адвокаты Рассел Парсонспен бірге келе жатыр. Лос-Анджелес, АҚШ, 1968 жылғы маусым айы.
Сенатор Роберт Кеннедидің өліміне күдікті Серхан Серхан (ақ жейде киген) адвокаты Рассел Парсонспен бірге келе жатыр. Лос-Анджелес, АҚШ, 1968 жылғы маусым айы.

Серхан 1956 жылы 12 жасында АҚШ-қа қоныс аударған. Сотта ол кісі өлтірген сәті есінде жоғын айтқан. Қорғаушылар оның есі ауысқанын дәлелдеуге тырысты. Алайда сот оған бәрібір өлім жазасын кесті. 1972 жылы Калифорния штатында өлім жазасы жойылып, Сарханның жазасы өмір бойы түрме жазасына ауыстырылған.

Қазір 77 жасқа келген Сархан Серхан өмірінің кейінгі 53 жылын түрмеде өткізді. Ол бұған дейін өзіне рақымшылық сұрап 16 рет өтініш берген. Бұл жолы оның өтінішін Роберт Кеннедидің екі ұлы да қолдап отыр.

"Сенатор Кеннеди бүкіл әлемнің үміті еді, сол кезде менің кесірім барлығына тиді – бұл істеген жантүршігерлік ісімді түйсінуім жаныма батады" деп жазған Серханның сөзін келтіреді Associated Press агенттігі.

Лос-Анджелес аумақтық прокуратурасы рақымшылық комиссиясының шешіміне қарсы болмайтынын айтты. Түрмеден босату туралы түпкілікті шешімді Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом қабылдауы тиіс.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG