Accessibility links

Бағдаттағы саммитте Макрон Францияның Ирактағы әскерін әкетпейтінін айтты


Франция президенті Эммануэль Макрон Ирак астанасы Бағдаттың әуежайына қонған ұшағынан шығып келе жатыр. 27 тамыз 2021 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон Ирак астанасы Бағдаттың әуежайына қонған ұшағынан шығып келе жатыр. 27 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстандағы жағдай Бағдаттағы саммитті көлеңкелегендей болды. Оған аймақтағы елдердің басшылары мен Франция президенті Эммануэль Макрон қатысқан еді. Соңғысы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан әлі де қатер төніп тұрғанын айтып, Францияның Ирактағы әскерін ұстап отыра беретінін мәлімдеді.

"Геосаяси оқиғалардың әсерінен бұл конференция ерекше сипатқа ие болып отыр" деді Макрон саммитте 28 тамыз күні.

Одан екі күн бұрын Кабул әуежайының сыртындағы жанкешті шабуылынан 170 ауған азаматы, 13 америкалық сарбаз қаза тапқан. Жарылысты "Ислам мемлекеті" ұйымының "Хорасан уәлаяты" дейтін бөлімшесі мойнына алған.

Макрон "Ислам мемлекеті" ұйымының әлі де қауіп көзі екенін айтып, "Әскеріміздің санын азайтпауымыз қажет екенін бәріміз біліп отырмыз" деді.

Ол сондай-ақ Францияның терроризммен күрес мақсатында Ирактағы әскерін ұстап отыра беретінін, АҚШ-тың өз әскерін алып кету туралы шешімі бұған әсер етпейтінін мәлімдеді.

"Америкалықтар қандай шешім қабылдамасын, біз терроризммен күрес үшін Ирактағы әскерімізді ұстап отыра береміз" деді Макрон Бағдаттағы баспасөз мәслихатында.

Кабулдағы жанкешті шабуылы АҚШ бастаған эвакуация операциясы аяқталуға таяп қалғанда жасалды. Бірнеше ай бұрын АҚШ президенті Джо Байден әскерінің Ауғанстаннан 31 тамызға дейін кететінін айтқан. 15 тамыз күні елді өз бақылауына алған "Талибан" қозғалысы бұл мерзімді ұзартуға жол бермейтінін мәлімдеген.

Франция үкіметі өзінің эвакуация операциясын аяқтады, бірақ Ауғанстанда қалып қойған адамдарға көмектесе беретінін айтты.

2014 жылы "Ислам мемлекеті" ұйымы Ирак пен Сирия жерлерін басып алып, "халифат" құрғанын мәлімдеген. Осыдан кейін бұл ұйыммен күресу үшін АҚШ бастаған халықаралық коалиция құрылды. Оның құрамына Франция да кірді. Соңғысы осы коалиция жұмысының аясында Иракқа 800 сарбазын жіберген.

Ресми Бағдат 2017 жылы желтоқсанда "Ислам мемлекетінің" территориялық тұрғыда жеңілгенін мәлімдеді, бірақ экстремистік топ "ұйқы режиміне" өтіп, шабуылдарды өз мойнына алуын жалғастыра берді.

Дәл қазір Иракта АҚШ-тың 2500 сарбазы бар. АҚШ президенті Джо Байден шілде айында АҚШ-тың Ирактағы әскери операциялары биыл аяқталатынын, бірақ америкалық әскердің Ирак сарбаздарын жаттықтыра беретінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG