Accessibility links

Ұлыбритания ауған азаматтарының эвакуациясын аяқтағанын мәлімдеді


Ауғанстаннан кетуге үмітті әйелдер Кабул әуежайына кіріп барады. 28 тамыз 2021 жыл.
Ауғанстаннан кетуге үмітті әйелдер Кабул әуежайына кіріп барады. 28 тамыз 2021 жыл.

Ұлыбритания тәліптер билікке келген екі аптада 15 мыңға жуық британ және ауған азаматын елден алып шығып, азаматтық эвакуация операциясын аяқтағанын мәлімдеді.

Ұлыбританияның соңғы азаматтық эвакуация ұшағы Кабул әуежайынан 28 тамыз күні ұшып кетті. Алдағы аптада Ұлыбритания Ауғанстандағы өз әскерін алып кетеді. Сол кезде ауған азаматтарының шағын тобын алып шығады деді Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.

27 тамыз күні елдің қорғаныс министрі Бен Уоллес Ұлыбритания дипөкілдігіне қызмет еткен 800-1100 ауған эвакуация операциясына ілінбей қалды деді.

"Бәрін алып шыға алмадық және бұл өте жүрек ауыртар жағдай. Бірақ біз бірқатар ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болдық" деді Ұлыбритания әскерінің генералы Ник Картер.

Ұлыбританияның Ауғанстандағы елшісі Лори Бристоу Ауғанстанда қалып қойғандарға видео үндеу жолдап, әуе эвакуациясының аяқталғанын мәлімдеді.

"Елден кетуге мұқтаж адамдарды ұмытқан жоқпыз" деді Бристоу Кабул әуежайынан. "Оларға қолдан келер көмектің бәрін береміз. Біз Ауғанстанның батыл, әдепті адамдарын ұмытқан жоқпыз. Олар бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өмір сүруге лайық".

Turkish Airlines әуе компаниясы Ұлыбританияның соңғы азаматтық эвакуация ұшағында ауған әйелінің босанғанын хабарлады. Turkish Airlines ұшағы әуеге көтерілгенде 26 жастағы әйелдің толғағы келіп, ұшақ Кувейт әуе кеңістігіне кіргенде әлгі әйел босанып үлгерді.

Turkish Airlines борт қызметкерлерінің босануға көмектескенін, сәбидің сау туғанын, анасының аман екенін мәлімдеді.

Ұшақ Кувейтке аялдап, одан әрі Бирмингемге ұшып кетті.

15 тамызда тәліптер Кабулға кіріп, Ауғанстан билігін өз қолына алғанын мәлімдеген соң, АҚШ бастаған халықаралық коалиция өз азаматтары мен елшіліктеріне қызмет еткен ауған азаматтарын эвакуациялауға көшті. Мұның алдында АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскерді 31 тамызға дейін алып кететінін мәлімдеген. Эвакуация операциясын сырттай бақылап отырған тәліптер бұл мерзімді ұзартуға қарсы екенін, ондай жағдайда салдары болатынын айтып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG