Accessibility links

Ауғанстанның екі атлеті Токиоға жетті. Олар паралимпиа ойындарына қатысады


Зәкия Худадади.
Зәкия Худадади.

Ауғанстанның екі пара атлеті Токиодағы олимпиада ауылына келді. Олар келесі аптада паралимпиада жарысына қатысады. Бұл туралы 28 тамыз күні Халықаралық паралимпиада комитеті хабарлады.

Тхэквондошы Зәкия Худадади мен жеңіл атлет Хоссейн Расули Кабулдан Парижге ұшып, сол жерден Токиоға аттанды деді ХПК.

Токиодағы паралимпиада ауылы ауған спортшыларын жылы қарсы алды деді ХПК өз мәлімдемесінде.

Олар Токиоға 17 тамыз күні келуі керек болған, бірақ еліндегі жағдайға байланыста жете алмай қалған.

15 тамыз күні тәліптер Кабулға кіріп, Ауғанстанды өз бақылауына алғанын мәлімдеген. Осыдан кейін тәліптердің репрессияшыл заңдарынан қорыққан ауғандар жаппай Кабул халықаралық әуежайына ағылып, ел астанасында дүрбелең орнады. Паралимпиадаға қатыса алмай қалудан қорыққан Худадади видео үндеу жолдап, көмек сұраған.

"Ауған әйелдерінің өкілі ретінде бәріңізден көмек сұраймын" деді Худадади видеосында. Reuters агенттігі бұл видеоны Ауғанстан паралимпиада комитетінен алғанын айтты.

Худадади – 2004 жылғы паралимпиададан бері осы додаға қатысқан алғашқы ауған әйелі. Ол 44-49 келі салмақта сынға түседі. Расули ерлер арасында 400 метрге жүгіреді.

ХПС президенті Эндрю Парсонс 12 күн бұрын Ауғанстан паралимпиада комитеті ауған пара спортшыларының Токиоға жете алмайтыны туралы хабарлағанын айтқан.

Хабарлама "паралимпиада қозғалысына қатысы бар адамның бәріне ауыр тиді" деді ол.

Бірақ "ғаламдық операцияның" арқасында екі атлет Ауғанстаннан аман шығып, Токиоға жетіп отыр деді Парсонс.

Токиодағы паралимпиада ойындары 24 тамыз күні басталып, 5 қыркүйекке дейін ұласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG