Accessibility links

Кабул әуежайына зымыран атылды, эвакуацияның "ең қауіпті кезеңі" басталды


Кабулдағы Хамид Карзай әуежайына зымыран атқан көліктің қасында тұрған "Талибан" әскері. 30 тамыз, 2021 жыл.
Кабулдағы Хамид Карзай әуежайына зымыран атқан көліктің қасында тұрған "Талибан" әскері. 30 тамыз, 2021 жыл.

Ауғанстандағы АҚШ азаматтарын әкету операциясының соңғы сағаттарында Кабул әуежайына зымыран атылды. Ақ үй бұл ақпараттан президент Джо Байден хабардар екенін, бірақ операция "кідіріссіз жүретінін" хабарлады.

Байден "командирлер сол жердегі күштерімізді қорғауға басымдық беруде бар күшін салуы тиіс деген бұйрығын қайталады" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки 30 тамыздағы мәлімдемеде.

30 тамызда Кабул әуежайына бірнеше зымыран бағытталды. АҚШ ресми өкілінің Reuters агенттігіне хабарлауынша, әуежайға ұшып келе жатқан бес зымыранды зымыраннан қорғаныс жүйесі атып құлатқан.

Зымыранның барлығы жойылды ма, ол жағы анық емес, бірақ жергілікті тұрғындар көшеге снарядтар түскенін айтқан. Оқиғадан жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" басшылығымен келісім аясында АҚШ 31 тамызға дейін елдегі барлық күштерін тегіс алып кетуге тырысып жатыр.

Тәліптер Кабулды өзіне қаратқан 15 тамыздан бері АҚШ және оның одақтастары әуежайдан 117 мыңнан астам адамды алып кетті. Қазір олар АҚШ сарбаздары мен дипломаттарын эвакуациялауға күш салып жатыр.

Байден де, АҚШ-тың басқа лауазымды басшылары да Кабулдағы әскер әкету операциясының соңғы күндері өте қауіпті болады деп ескерткен.

29 тамызда АҚШ дроны Кабулда "Ислам мемлекеті – Хорасан" тобының әуежайға шабуылының бетін қайтарған. Бұл туралы АҚШ әскерилері хабарлады.

Бұл оқиғадан екі күн бұрын Кабул әуежайы маңында "Ислам мемлекеті – Хорасан" тобының жанкешті террористері жарылыс жасап, соның кесірінен 170 ауған азаматы мен АҚШ-тың 13 әскери қызметкері опат болды. 28 тамызда АҚШ-тың дроны елдің шығысындағы Нангархар аймағына қарымта шабуыл жасады. Пентагонның мәліметі бойынша, осы оқиға кезінде террористік топтың екі мүшесі мерт болған.

АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандағы 20 жылға созылған операцияны аяқтап, әскерін әкете бастағалы "Талибан" тобы қайта күш алып, аймақтарды біртіндеп өзіне қарата бастаған. 15 тамызда "Талибан" Кабулға күтпеген жерден кіріп, билікті басып алды, заңды сайланған президент елден қашты. Содан бері әлем елдері аса консервативті діни заңдарға сүйенетін топпен қарым-қатынасқа түсудің жолдарын қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG