Ресей ішкі істер министрлігі белорус азаматтығы бар тегі әзербайжан стендап-комик Идрак Мирзализаденің Ресейге кіруіне өмір бойы тыйым салды. Орыстар туралы әзіл айтып, 10 тәулікке қамалған ол енді Ресей аумағына мүлде кіре алмайды. Бұл жөнінде Ресей ішкі істер министрлігінің сайтында айтылған.
Мекеме хабарламасында "Мирзализаде орыс ұлты өкілдеріне жеккөрініш тудырып, оларға деген өшпенділікті арттыратын сөздер айтты" делінген. Сондықтан оның Ресей аумағында болуы қоғамдық тәртіпке қатер төндіреді.
Әзілкеш тамыздың басында он тәулікке қамалған. Бұған оның 2021 жылғы наурызда "Разгоны" хабарындағы айтқан сөзі түрткі болған. Онда Миразализаде ксенофобия мәселесін қозғап, Мәскеуде пәтер жалдау кезінде славян емес адамдар қандай қиындыққа тап болатынын әзілмен айтып берген. Осы тақырып жайындағы тағы бір қойылымында ол орыстар туралы айтқан.
Мирзализаде тұтқындалардан бұрын да, босап шыққаннан кейін де бұл қалжыңы үшін кешірім сұраған. Істеген ісі үшін қатты өкінетінін айтқан ол бұл сөзі "контекстен алынғанын" және "дайын емес адамға жаман әсер ететінін" айтқан.
Әріптестері Миразализадеге қолдау білдірді. Михаил Шац, Данила Поперечный, Илья Соболев және басқа әзілкештер оны қолдап видео түсірді, онда олар Мирзализаде ксенофобияны жақтаған жоқ, қайта оған қарсылық білдірді деген ой айтады. "Әзілі үшін түрмеге қамау – ғылыми теориясы үшін өртеудің алдындағы соңғы қадамдардың бірі" делінген олардың мәлімдемесінде. Әзілкештер әріптесін қолдау мақсатында концерт те берген.
- Тамызда Ресейдің "Единая Россия" партиясы елге русофобтардың кіруіне тыйым салатын заң жобасын жариялады. Құжатта жеккөрініш пен өшпенділік туғызатын, СССР туралы жалған мәлімет тарататын және нацистердің қылмысын қолдайтын адамдарды Ресейге кіргізбеу туралы айтылған.
- Бұған қоса, тамыз айтында Ресей ішкі істер министрі Қазақстан азаматы Қуат Ахметовтің Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салды. Ол – белсенділер азаматтардан қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін Youtube-арнаның авторы.
ПІКІРЛЕР