Сейсенбі, 31 тамыз күні Ақ үй Ауғанстаннан кеткісі келген америкалықтардың 98 пайызы эвакуацияланғанын, АҚШ президенті Джо Байденнің қалған 100-200 азаматқа елден кету ісінде көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Ақ үйде журналистер алдына сөз сөйлеген Байден Ауғанстанда қалған америкалықтардың көбінде екі азаматтық бар екенін, олардың Ауғанстанда туыстары болғанын айтты.
"Қалып қойған америкалықтарға уақыт қойылып отырған жоқ. Егер ол кеткісі келсе, көмектесуге дайынбыз" деді Байден.
Байден өз сөзінде Ауғанстаннан кеткісі келген америкалықтардың 90 пайызы эвакуацияланды деген. Бірақ Ақ үй оның сөзінің транскрипциясын түзетіп, аталған көрсеткішті 98 пайыз деп өзгертті.
АҚШ президенті сондай-ақ мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің тәліптер қолына өткен Ауғанстаннан америкалықтарды, АҚШ елшілігіне қызмет еткен ауғандарды және шетелдіктерді алып кету жөнінде дипломатиялық келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Байден халықаралық қауымдастықтың елден шығу еркіндігіне кепілдік берген "Талибанды" сөзінде тұруын қадағалайтынын мәлімдеді.
АҚШ әскері эвакуация операциясын 14 тамызда, тәліптер Кабулға кірерден бір күн бұрын бастаған. Содан бері 5,5 мыңнан астам АҚШ азаматы, одақтас елдердің мыңдаған азаматы, АҚШ елшілігінде жұмыс істеген 2,5 мың ауған азаматы мен олардың отбасылары, аудармашы және өзге де қызметті атқарған мыңдаған ауған эвакуацияланған.
ПІКІРЛЕР