Accessibility links

Коронавирустан тағы 134 адам қайтыс болды


Коронавирус пандемиясы. №2 қалалық аурухана. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
Коронавирус пандемиясы. №2 қалалық аурухана. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

30 тамыз күні Қазақстанда 134 Covid өлімі тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қайтыс болғандар арасында 98 адамның Covid жұқтырғаны ПТР тестімен расталған (КВИ+). Қалған 36 адамда ПТР теріс нәтиже көрсеткен, олардың диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған (КВИ-). Соңғысын "ковидтектес пневмония" деп атап жүр.

КВИ+ бойынша, Алматыда 28 адам, Шымкентте 18 адам көз жұмған. КВИ- бойынша, көш басында Жамбыл облысы тұр. Онда "ковидтектес пневмонияға" шалдыққан 10 кісі қайтыс болған.

Қазақстанда шілденің соңынан бері коронавирустан күн сайын жүзден астам адам қайтыс болып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі аурудың бұлай ушығуын алғаш рет Үндістанда анықталған "дельта" вариантының тарауымен байланыстырады.

Бұл вариант Қазақстанда маусымның соңында тіркелген. Жұқпалығы мен қаупі жоғары бұл вариант келгелі науқастар саны күрт артты. 27 шілде мен 21 тамыз аралығында күн сайын 7-8 мың науқас тіркеліп жүрді.

Шілденің басында үкімет қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерді вакцина салдыруға міндеттеді. Олар екпенің бірінші дозасын 10 тамызға дейін, екіншісін 1 қыркүйекке дейін алуы керек болды. Вакцина салдырғысы келмегендер, апта сайын теріс нәтижелі ПТР анықтамасын өткізуі мәжбүр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 19 миллион халқы бар Қазақстанда 5,4 миллионнан астам адам вакцинаны толық алған. Бұдан бөлек, 1,2 миллионнан астам адам екпенің екінші дозасын күтіп отыр.

Кейінгі күндері Covid науқастары бойынша тәулік көрсеткіші төмендей бастағаны байқалады. Мәселен, 31 тамыз күні коронавирус бар болғаны 4320 адамның анализінен анықталған.

Індет басталғалы елде барлығы 794 мыңға жуық адамның Covid жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Оның 9402-сі аурудан айыға алмай, қайтыс болған. Бірақ билік бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген 2633 адамды қоспай отыр.

Үкімет "ковидтектес пневмония" есебін жүргізуді былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түрі 69 790 адамнан анықталған, оның 4464-і қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG