Accessibility links

Қазақстанда 2022 жылдан бастап төменгі жалақы 60 мың теңге болады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарында төменгі жалақы көлемі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өседі. Бұл туралы сәрсенбі, 1 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.

"Төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері өспеді. Әлемдік коронакризис халықтың табысына салмақ түсірді. Сонымен қатар Қазақстан төменгі жалақы көлемі бойынша ТМД-ның көптеген елінен қалып қойған. Сол себепті мен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі жалақы көлемін 42500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдадым" деді Тоқаев.

Қазақстан президентінің сөзінше, бұл шешім бір миллионнан астам адамға әсер етеді. Оның айтуынша, қазір елде көлеңкелі жалақы қоры жария жалақы қорының 30-40 пайызын құрап отыр, бұл шара осы көрсеткішті азайтуы тиіс.

"Төменгі жалақыны көтеру ішкі тұтынуды арттырып, оң экономикалық әсер береді. Сарапшылардың бағалауынша, жалпыұлттық ішкі өнімді 1,5 пайызға арттырады" деді.

Қазақстанда төменгі жалақы көрсеткіші жәрдемақы тағайындау кезінде есепке алынады. Мәселен, былтыр коронавирус індеті тарай бастағанда қатаң карантин шаралары енгізіліп, жұмыссыз қалған адамдарға осы ең төменгі жалақы көлемі шамасында бір реттік жәрдемақы берілген.

Бірақ осы жолдауында Тоқаев төменгі жалақы көлемін әлеуметтік салада есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды доғару керек деді. Бірақ оның қалай жүзеге асатынын айтпады.

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болып сайланғалы үшінші жолдауы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG