Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас мәлімдеме жасап, Ауғанстанда терроризмнің өршуіне жол бермеу үшін Батыс елдері тәліптермен келіссөз жүргізуі керек деді. Министр бұл туралы 31 тамыз күні Катарға сапарында айтты.
Ауғанстанда тұрақсыздық жайлауына жол бермеу керек, бұл "терроризмді өршітіп", көрші елдерге нұқсан тигізеді деді ол. Министр сондай-ақ Германияның тәліптер билігі орнаған Ауғанстанда елшілік ашуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қазір Ауғанстанда Германияның 300-ге тарта азаматы бар.
Тәліптермен келіссөз жүргізуде әзірге күн тәртібінде тәліптер үкіметін мойындау-мойындамау мәселесі емес, әуежай жұмысын қалпына келтіру секілді күнделік мәселелер тұр. Батыс елдері тәліптерден адам құқығын сақтауды, азаматтарға елден кетуге мүмкіндік беруді және Ауғанстанда лаңкестік топтарды жасырмауды талап етіп отыр.
31 тамыз күні Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки АҚШ-тың "Талибан" үкіметін мойындауға асығып отырмағанын, санкция жариялау-жарияламау мәселесі тәліптердің әрекетіне байланысты екенін айтты. Псакидің сөзінше, Вашингтонның "Талибанға" ықпал ету тетігі зор. Ол АҚШ "Талибанды" әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігінен айыра алады деді.
Осы күндері АҚШ, Түркия және Катар елдері Кабул әуежайынан азаматтық рейстердің қатынауын қалпына келтіруге тырысып жатыр.
30 тамыз күні Вашингтон Ауғанстандағы әскерін толық әкетті. АҚШ әскері онда 2001 жылғы 9 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін басып кірген. Нью-Йорктегі шабуылды ұйымдастырды деген "әл-Қаида" террор қозғалысының жетекшісі Усама бин Ладен ол кезде Ауғанстанда тұрған.
ПІКІРЛЕР