Accessibility links

Village Kazakhstan журналистері Абайда зорланған бала жайлы репортаждан соң қысым басталғанын хабарлады


Әсем Жәпішева
Әсем Жәпішева

Village Kazakhstan журналистері осыдан үш жыл бұрын қоғам назарын аударған Түркістан облысының Абай ауылында зорланған жеті жасар бала туралы репортажынан кейін Village Kazakhstan басылымын қорқытып-үркіту әрекеттері жасалып жатқанын хабарлады.

"Дәл қазір түрлі ведомство атынан белгісіз адамдар хабарласып, мақаланы алып тастаңдар деген талап қойып жатыр. Тәуелсіз журналистерге қысым тоқтатылсын. Мақаланы алмаймыз. Бұл адамдар журналистердің ауызын жапқанша елдегі проблеманы шешсін" дейді Village Kazakhstan Telegram арнасы.

Репортаж авторы, журналист Әсем Жәпішева телефонын өшіріп тастағанын айтады.

— Өкініп қалмай тұрғанда мақаланы жойып таста деді. Қазір Village редакциясына телефон соғып жатыр, мен телефонымды өшіріп тастадым, — деді Жәпішева Азаттыққа.

Жәпішева мақаланы жариялар алдында осыдан үш жыл бұрын Абай ауылындағы сорақылық туралы айтып, зардап шегуші мен оның отбасына қолдау көрсететінін мәлімдеген Адам құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин өкілдеріне бірнеше рет хабарласқанын айтады. (Осы оқиғадан соң Аружан Саин Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған).

- Бірақ ол маған ескі сұқбатын жіберді, — дейді Әсем Жәпішева.

"Абайдағы бала: Зорлық көргендердердің бастан кешкендері. Үш жылдан кейін" ("Мальчик из Абая: Как живут пострадавшие от насилия спустя три года") деп аталаты мақала Village Kazakhstan сайтына 1 қыркүйекте шыққан.

Абай ауылына барған автор зардап шеккен баланың отбасы туралы және оқиға бойынша тергеу жүргізу талабы аяқ асты болып, көмек сұраған әжесі жайлы алғаш хабар таратқан адамдардың бастан кешкендері туралы жазған.

Абай ауылында бала зорланғаны жайлы хабар 2018 жылы наурыз айында тараған. 60 жастағы әйел Азаттыққа "немересі 2017 жылдан бері бірнеше рет зорланғанын, ол туралы арызын жергілікті полиция үшінші ретте зорға қабылдағанын, бірақ әрі қарай іс қозғалмағанын" айтқан еді.

Бұл жайт әлеуметтік желі мен баспасөзде үлкен резонанс туғызып, жергілікті жауапты қызметкерлер қызметінен босатылған (кейін уақытша шеттетілгені белгілі болды).

2018 жылы тамызда бас прокуратура бұл іс бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған. Баспасөз қызметінің мәлімдемесіне қарағанда күдікті саналып, қылмыстық іс қозғалған төрт адамның үшеуі 14 жасқа толмағанына байланысты қылмыстық істен құтылған. Төртіншісі жеті жылға бостандығынан айырылған.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова бала зорлыққа ұшыраған ауылда тұрып жатыр деген хабарды теріске шығарды, бірақ әжесі сол ауылда тұратынын растады.

— Қазір баланың әжесі Абай ауылында, ал бала анасымен бірге Алматыда қайырымдылық қорының еріктісі тегін ұсынған уақытша пәтерде тұрады. Бүгін Аружан оның анасымен хабарласып, баланың мектептегі салтанатты жиынға қатысқанын білді, — дейді Асылова.

Әсем Жәпішева Facebook парақшасында "бала анасымен бірге пәтер жалдап тұратынын, еріктінің пәтерінен баяғыда кетіп қалғанын" жазған еді.

Азаттық тілшісі бұл мәселе бойынша Аружан Саинның өзімен сөйлесті. Адам құқығы жөніндегі уәкіл баланың әжесіне әлі күнге қоқан-лоқы жасалатынынан бейхабар екенін айтты.

— Олардың жазғаны шындыққа сай келмейді. Мамасымен кеше сөйлескенімде жазғы каникулда әжесіне қонаққа барғанын айтты. Баланың өзі Алматыда тұрады, мектепке барады. Біз оған көмектескен психологтың ақысын төледік. Оларды пәтерден ешкім шығарған жоқ, тегін тұрып жатыр, байланыс үзілген емес, — деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG