Accessibility links

Панжшер шатқалында қарсылық жалғасып жатыр, мыңдаған адам шекараға беттеді


Ауған қарсыласу қозғалысы мен тәліптерге қарсы көтерілісшілер Панжир шатқалының Хендж ауданына жиналып жатыр. 31 тамыз 2021 жыл.
Ауған қарсыласу қозғалысы мен тәліптерге қарсы көтерілісшілер Панжир шатқалының Хендж ауданына жиналып жатыр. 31 тамыз 2021 жыл.

Тәліптер мен Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының билігіне мойынсұнбаған Панжшер шатқалындағы қарсыласу күштері ауғандарға үндеу жасады.

Тәліптер өкілі "соғыстың алдын алып, саяси шешім табуға тырысып жатқаны" жайлы әлеуметтік желіде аудиохабар таратты. Панжшер шатқалындағы қарсыласу күштерінің өкілі "Панжшер шатқалын қорғау жалғасатыны" туралы видеоүндеу тастады.

АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандағы азаматтарын және өздерімен ынтымақтасқан ауған азаматтарын эвакауциялауды 31 тамызда аяқтағаннан кейін Ауғанстанның мыңдаған бейбіт адамы елден шығып кету үшін шекара маңына барып жатыр.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб шетел істер бойынша парламент комитетінің шұғыл отырысынан кейін, барлау мәліметтеріне сүйеніп Кабул биыл "құламайтынын", өзінің осы аймаққа барып Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялауды жалғастыру туралы мәселені талқылауға күш салатынын мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Ақ үй АҚШ-тың әскери базасына Ауғанстаннан шыққан 50 мың босқынды орналастыратынын хабарлады.

АҚШ мемлекетттік хатшысының орынбасары Виктория Нуландтың сөзінше, АҚШ Ауғанстанда қалған азаматтарын алып шығудың барлық жолдарын ойластырады. Оның айтуына қарағанда, әзірге Вашингтон тәліптер үкіметін мойындамайды, бірақ АҚШ пен оның одақтастарының мүддесіне сай келсе тәліптермен келіссөз жасайды. Нуландтың сөзінше, Құрама Штаттар Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру жолдарын қарастырады, бірақ ол тәліптер қолына түспеуі тиіс.

"Ең бастысы олардың БҰҰ Жарғысына сай мойындарына алған міндеттемелері мен Ауғанстан адам құқығын құрметтейтін елге айналатыны жайлы уәделерін қалай орындайтынын, халықаралық құқықты қалай сыйлайтынын, шетел азаматтары мен Ауғанстаннаннан кеткісі келетін ауғандарға кедергі жасамайтынын көргіміз келеді", – дейді Нуланд.

Тәліптер әзірге жаңа үкімет құрамын жарияламады және елді қалай басқаратыны жайлы жоспарларын ашқан жоқ. Жағдайды бақылап отырғандардың сөзінше, "Талибан" жетекшілері халықаралық қауымдастықты 1996-2001 жылдар билік құрған тәліптердің радикализмінен бас тартқанына сендіргісі келеді. Бірақ Ауғанстанның әр аймағында тәліптер қарсыластарын қатаң жазаға тартып жатқаны жайлы ақпараттар түсіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG