Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты белсенді Асқар Қайырбектің түрмедегі мерзімін 2 жыл 2 айға ұзартты


Қытай эспансиясына қарсылық пикетіне шығып тұрған Асқар Қайырбек. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.
Қытай эспансиясына қарсылық пикетіне шығып тұрған Асқар Қайырбек. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.

2 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы азаматтық белсенді Асқар Қайырбектің түрмедегі мерзімін 2 жыл 2 айға ұзарту туралы прокурордың апелляциялық өтінішін қанағаттандырды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке кесілген жаза аз болды деп санап, үстіне жаза қосуды сұраған.

Іске алқа судьялары Шынар Ерғалиева, Мұрат Солтыбаев пен Абай Көкжалов қатысты. Істі Мұрат Солтыбаев жүргізді.

44 жастағы Асқар Қайырбекті биылғы 21 маусымда Нұр-Сұлтан соты Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айыпты деп танып, бір жарым жылға абақтыға қамаған болатын. Бұған қоса, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.

2 қыркүйектегі сот қаулысынан соң Асқар Қайырбекке тағы да 6 ай түрме жазасы қосылды.

Асқар Қайырбек соттан "экстремизмді қалай түсінуге болады?" деп сұрады.

- Бұрын да әкімшілік жазаға тартылғандықтан жазаңыз екі жыл екі айға ұлғайтылды. Өтініштеріңізді қанағаттандыруға негіз жоқ. Сіз экстремист деп танылған ұйымның жұмысына қатысқансыз,- деді судья Мұрат Солтыбаев.

Асқар Қайырбек сот шешімімен келіспей, кассациялық шағым түсіретінін айтты.

- Мұндай шешімді азаматтық белсенділікті тоқтату үшін шығарып отыр. Сегіз ай тергеуде отырдым. Орысшадан қазақшаға аударылған 3 том қылмыстық істе еш дәлел жоқ. Сонда да қорқытып, еңсемді түсіру үшін жала жапты. Азаматтық белсенділік жолына бекер түскен жоқпын, соңына дейін барамын,- деді ол сотта.

Асқар Қайырбектің соты биыл 25 наурызда басталған. Оны бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысы бар деп былтыр 22 желтоқсанда қамауға алынған

Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Асқар Қайырбек бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін түрмеге жабылған.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы HRW Қазақстанға 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін де қайта қарауды ұсынған. Бұл ұйымның мәлімдемесінде Асқар Қайырбек те аталған. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG