Accessibility links

Қырғыз заңгерлері резиденцияда кімдер тұратынын сұрап Жапаровқа сауал жолдады


Бішкектегі "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясы.
Бішкектегі "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясы.

Қырғызстандағы "Әділет" құқықтық клиникасы ел президенті Садыр Жапаровтың атына хат жазып, онда Бішкектегі тау бөктерінде орналасқан "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында кім тұратынын, кімдердің тұруға қақысы бар екенін, онда қандай бейресми шаралар өткізілетінін және резиденцияны ұстап тұруға мемлекеттік бюджеттен қанша ақша кететінін сұрады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлайды.

Заңгерлердің айтуынша, билік басындағылардың жеңілдіктері мен артықшылықтары азаматтардан жиналған салық есебінен төленеді, ал бұл – басқа көп мәселесі шешілмеген әрі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайда отырған ел үшін үлкен салмақ.

Заңгерлер есебі бойынша, "Ала-Арчамен" қоса Ош, Шолпан-Ата, Жалал-Абад, Талас қалаларында орналасқан резиденцияларды, арнайы аурухана мен балабақшаны, автокөлік мекемесін, аңшы шаруашылығын және құрылыс мекемесін ұстап тұруға президент пен үкіметтің іс басқармасына 2021 жылға 662 млн сом (7,8 млн доллар) бөлінген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 8 млн сомға көп.

Бұдан бұрын Қырғызстанның кей ақпарат құралдарында мемлекеттік резиденцияда тұру құқығы бар шенеунік қатарына жатпайтын ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Ташиев "Ала-Арчада" тұрады деген ақпарат тарады. Бұған қоса мемлекеттік резиденция аумағында Ташиев ұлының үйлену тойы өтті деген де ақпарат болған. Youtube-тегі Temirov Live KG арнасы бұл жөнінде зерттеу жариялады.

Азаттық бұл ақпарат бойынша арнайы қызметке қайырылды, бірақ ҰҚМК комментарий беруден бас тартты. Президент пен үкіметтің іс басқармасы да "Әділет" құқықтық клиникасының сауалына жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG