Тәжікстан билігі осыдан 20 жыл бұрын өлтірілген Ахмад Шах Масудты Исмоили Сомони орденімен парапаттады. Ахмад Шах Масуд 1992-1996 жылдары Ауғанстанның қорғаныс министрі болған. Тәжік билігі Ауғанстанның қастандықпен өлтірілген бұрынғы президенті Бұрхануддин Раббаниды да өлген соң марапаттады.
Тәжікстан президенті 2 қыркүйекте қол қойған жарлықта "Ахмад Шах Масуд пен Бұрхануддин Раббани 1993-1996 жылдары тәжіктер арасындағы келіссөзге араағайындық жасап, Тәжікстандағы бейбітшілікке зор үлес қосқаны үшін марапатталды" деп жазылған.
Күмістен жасалған Исмоили Сомони ордені - Тәжікстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы.
Ауғастанның бұрынғы президенті Бұрхануддин Раббани 2011 жылы 11 қыркүйекте "Талибан" қозғалысы жіберген адамдармен сөйлесіп тұрғанда үйінің алдында өлтірілген. Раббани Ауғанстан билігінің тәліптермен бейбіт келіссөзіне жауап беріп, жанжалдасушы тараптарды бітістіруді құптаған еді.
1992-1997 жылдары азамат соғысын бастан өткерген Тәжікстан Ауғанстанның бұрынғы президенті "бейбіт өмір орнатуға өлшеусіз үлес қосты" деп санайды. Раббани соғыстан қашқан тәжіктерге Ауғанстаннан уақытша пана беріп, көмек көрсеткен еді.
Ауғанстанның атақты дала қолбасшысы, бұрынғы қорғаныс министрі Ахмад Шах Масуд соғыс жүріп жатқан Тәжікстанды ұлттық келісімге шақырып, босқындардың отанына оралуына септігін тигізген. Ол бастапқыда совет әскерімен, сонан соң советтер қолдаған Мохаммад Наджибулла үкіметімен соғысқан. Ахмад Шах Масуд тәліптерге де қарсы шықты, ресми мәліметке қарағанда, 2001 жылы "әл-Қайда" террор ұйымының қолынан қаза болған.
Тәжікстанның бұрынғы ауған басшыларын марапаттауы тәліптердің Ауғанстандағы билікті қолға алуымен тұспа-тұс келді. Қазір негізінен тәжіктер тұратын Панжшер шатқалы тәліптерге қарсылас күштер шоғырланған ең үлкен аймаққа айналған.
ПІКІРЛЕР