Accessibility links

Ақтөбе облысында "жерді бүлдірген" шошқа фермасының құрылтайшысы сотқа тартылып жатыр


Шошқа фермасының қалдықтары көмілген жерде тұрған Бестамақ ауылының адамдары. Ақтөбе, 19 қараша 2020 жыл
Шошқа фермасының қалдықтары көмілген жерде тұрған Бестамақ ауылының адамдары. Ақтөбе, 19 қараша 2020 жыл

3 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Алға аудандық соты "Парижская коммуна" компаниясының құрылтайшысы Гаик Тертерьянның ісін қарай бастады. Тергеу Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының құрылтайшысы Тертерьянды «Жерді бүлдірді» (ҚР ҚК 332-бабының 1-бөлігі) деп айыптаған.

Мемлекеттік айыптаушы Рустам Оразтаевтың сөзіне қарағанда, "Парижская коммуна" компаниясы 2018-2020 жылдары ферма маңынан сегіз шұңқыр қазып, оған кемінде 189,24 тонна қалдық көмген. Тереңдігі бес метр сегіз шұңқырдан шошқа өлексесі, ішек-қарын, құрылыс материалдары мен жануарға берілетін азық қалдығы қазып алынған. Жалпы аумағы 5,46 гектар жерге қазылған сегіз шұңқырдың ұзындығы 70-120 метр аралығында болған.

Тергеу ферма маңындағы шұңқырларға шошқа өлексесі ең соңғы рет 2020 жылғы қазан-қараша айларында көмілген болуы мүмкін деп санайды.

"Парижская коммуна" компаниясына тиесілі фермаға қоғам назары 2020 жылғы 19 қараша күні Бестамақ ауылы тұрғындары наразылық жиынын өткізгеннен кейін ауған. Сол күні ферма маңына жиналған жүз шақты адам "табиғатты ластайтын" ферманың жабылуын талап еткен болатын.

Наразылардың бірі, Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Айтжанова бүгінгі сот процесіне куә ретінде қатысты. Онлайн сотта байланыс сапасы нашарлап, тараптардың бірін-бірі естуі қиын болды.

Азаттыққа сот процесінен кейін телефонмен берген сұқбатында Гүлнәр Айтжанова ферма ашылғалы бері Бестамақ тұрғындары таза ауамен тыныстаудан қалғанын айтады.

"Ферма жақтан жел тұрғанда үйден шыға алмай қаламыз. Жағымсыз иіс жабық терезеден де өтіп, жүрегіміз айнып, лоқсыған күндеріміз көп. Қай жылы екені есімде қалмапты, ауыл іргесіндегі өзеннің балығы қырылды. Сөйтсек, ферма шошқаның биологиялық қалдықтарын өзенге ағызған екен. Сол кезде шошқа фермасы 700 теңге айыппұлмен құтылып кетті. Жерді бүлдіріп, суды лайлап отырған кәсіпкер бұл жолы тиісті жазасын алады деп үміттенемін" дейді Бестамақ тұрғыны Гүлнәр Айтжанова.

Бестамақ тұрғындарының наразылығынан соң ферманы тексеру басталып, "Парижская коммуна" компаниясының үстінен бірнеше әкімшілік іс қозғалды.

2021 жылғы 13 мамырда Ақтөбенің экономикалық соты "экологиялық заңнамалар талабын бұзған" шошқа фермасына 7 млрд 27 млн тг айыппұл салды. Экологтардың мәліметінше, қазір сот орындаушылары кәсіпкерден айыппұлды өндіру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Бұл жолы ферма қожайыны Гаик Тертерьян "жерді бүлдіргені үшін" қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Тергеу табиғатқа кәсіпкер келтірілген залалды 14 млн 238 мың 986 мың деп бағалаған.

Бестамақтағы шошқа фермасының қожайыны Гаик Тертерьян өзіне тағылған айыппен келіспейді. Тертерьянның адвокаттары қылмыстық іс обьективті қаралуы үшін сот офлайн өтуі тиіс деп санайды. Бірақ Алға аудандық сотының судьясы Нұргүл Бихан адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмады. Тараптарды тыңдаған судья Бихан бұдан әрі де сот онлайн өтеді деп шешті.

Соттың келесі отырысы қыркүйектің 13-і күні өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG