Accessibility links

Covid індеті ушыққан тұста Куба балаларға вакцина сала бастады


Дәрігер кубалық "Соберана 2" вакцинасының құтысын ұстап тұр.
Дәрігер кубалық "Соберана 2" вакцинасының құтысын ұстап тұр.

Жұма, 3 қыркүйекте Куба үкіметі 2-18 жас аралығындағы балаларға коронавирус вакцинасын салу науқанын бастады. Елдің коммунистік билігі бұл қадам коронавирус індеті ушыққан тұста мектептерді қайта ашу үшін барып отыр. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.

Вакцинаны алдымен 12 жастан асқандарға салады, кішкентай балалардың кезегі содан кейін келеді. Оларға "Абдала" және Соберана" дейтін кубалық екпе салынады.

Кубада мектептер 2020 жылғы наурыздан бері жабық тұр. Оқушылар осы күнге дейін телесабақтар арқылы оқып келді. Оқу жылы дүйсенбі, 6 қыркүйек күні басталғанымен вакциналау толық аяқталғанша қашықтан оқу жалғаса береді.

3 қыркүйектің кешінде Кубаның дәрілерді реттеу агенттігі "Соберана 2" вакцинасын 2-18 жастағы балалар үшін төтенше қолдануды мақұлдағанын мәлімдеді.

Куба вакциналары рекомбинантты ақуыз негізінде жасалған. Америкалық Novavax компаниясы да осы әдіске сүйенген. Бірақ Куба вакциналары ДДСҰ мақұлдауын алмаған.

11,2 миллион миллион халқы бар Кубада осы күндері коронавирустың "дельта" варианты қатты тарап, денсаулық сақтау жүйесі құлдыраудың алдында тұр.

Індет басталғалы елде коронавирустан 5,3 мың адам қайтыс болса, соның жартысы тамыз айында тіркелген. Коронавирус науқастарының үштен бірі бөлігі де инфекцияны осы тамызда жұқтырған.

Үкімет балаларға вакцина салуды қазан айына қарай аяқтап, сол кезде мектеп есігін ашуды жоспарлап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG