Accessibility links

Жаңа Зеландия премьері дүкендегі оқиғадан соң контртерроризм заңын күшейтуді ұсынды


Жаңа Зеландия премьер-министрі Жасинда Ардерн.
Жаңа Зеландия премьер-министрі Жасинда Ардерн.

Жаңа Зеландия премьер-министрі Жасинда Ардерн Окленд қаласындағы супермаркеттердің бірінде болған террор шабуылынан кейін контртерроризм заңын күшейтуге бел буды.

Сенбі, 4 қыркүйек күні Ардерн шабуыл жайлы қосымша мәліметтерді бөлісіп, қазір парламент қарауында жатқан контртерроризм заңының қабылдануына күш салатынын айтты. Ардер заңның қыркүйектің соңына дейін қабылдануы үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді. Заң жобасы террор шабуылын жоспарлаудың өзін қылмысқа теңемек.

Содан бір күн бұрын Жаңа Зеландияға 2011 жылы көшіп келген Шри-Ланка азаматы Окленд қаласындағы супермаркеттердің бірінде жеті адамды пышақтаған. Жарақат алғандардың үшеуі ауыр халде. Оқиға орнына келген полиция шабуыл жасаған адамды атып өлтірді.

Террор шабуылын жасаған адам "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымын (Қазақстанда тыйым салынған) қолдағаны үшін 2016 жылдан бері құзырлы органдардың бақылауында болған. Полиция оның ізінен сол күні де жүрген, бірақ ол супермаркетке кіргенде адамдарды шабуылдайтынын аңғармаған, сауда жасау үшін кірді деп ойлаған. Ол супермаркет сөресіндегі пышақты алып, адамдарға сұға бастаған.

Осыдан кейін супермаркет желісі сөрелерінен пышақтар мен қайшыларды алып тастағанын, қазір оларды сату-сатпау мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Сот құжаттарына қарағанда, шабуыл жасаған ер адам осыған дейін белгісіз себеппен үш жыл түрмеде отырған. Осының алдында алқабилер соты оны "Ислам мемлекеті" тобын бейнелейтін видеоны сақтады деген айып бойынша кінәлі деп тапқан.

  • 2019 жылы 15 наурызда Жаңа Зеландияда екі мешітке лаңкестік шабуыл жасалып, салдарынан 51 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG