Accessibility links

Ауғанстанның ең ірі телеарнасы тәліптерден қорықса да, жұмысын жалғастырып отыр


Tolo News студиясы. Мұрағат.
Tolo News студиясы. Мұрағат.

15 тамыздың кешінде тәліптер Кабулға кіргенде, Ауғанстанның ең ірі телеарнасы жұмысын жалғастыру-жалғастырмау жөнінде шешім қабылдауы керек болды. Tolo телеарнасы жұмыс істей беруге бекінді. Бірақ Ауғанстандағы өзге телеарналар мен радиолар секілді олар да тәліптер билігі орнағалы болашағына алаңдап отыр.

Кейінгі 20 жылда "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) журналистерді өлтіруімен, қорқытуымен көзге түсіп келген. Билік құрған 1996-2001 жылдары олар теледидар мен көңіл көтеру бағдарламаларына тыйым салған. Ол кезде баспасөз құралдары да болмады.

Тәліптердің билікке келуі "бізді өте қиын жағдайда қалдырды... жұмысымызды жалғастырар-жалғастырмасымызды білмей қалдық" деді Tolo News директоры Лотфуллах Нажафизада AFP агенттігіне телефон арқылы. "Тәулігіне 24 сағат эфирде болатын баспасөз құралы ретінде біз ойлануға бір сағат та үзіліс алған жоқпыз".

Нажафизаданың сөзінше, Tolo жұмысын журналистік міндетіне бола тоқтатпаған. Оның үстіне тәліптер тұсында жабылған телеарнаны қайта ашу мүмкін емес дейді ол.

Бірақ "Талибан" басшылығының өзі ауған бұқаралық ақпарат құралдарын жұмыс істей беруге шақырды. Тіпті ұйымның ресми өкілдерінің бірі Tolo News тележүргізушісіне (әйел) сұхбат беріп, "Талибанның" бұл жолы басқаша басқаратынына сендірмек болды.

Бірақ ауғандар да, оның ішінде журналистер де бұған сенер емес.

"Ашығын айтайын, біз қорқып отырмыз" деді Tolo телеарнасының иесі саналатын Moby Group компаниясының қазір Дубайда жүрген басшысы Саад Мохсени. "Ұйқысыз түндерді біздің ғана емес, көрерменіміздің де басынан өтіп жатыр".

Тәліптер билікке келгелі Ауғанстанның тәуелсіз медиасы дағдарып қалды. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының мәліметінше, 100-ге тарта жекеменшік басылым жұмысын тоқтатқан. Мәселен, Pajhwok ақпарат агенттігі қаржы тапшылығына ұшырап, жабылып қалған.

Сондай-ақ биліктің тәліптерге өтуі салдарынан көптеген әйел медиа саласынан шеттетіліп қалған. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы ауған астанасына небәрі 76 ғана әйелдің жұмыс істеп жатқанын, былтыр осы уақытта 700 әйел жұмыс істегенін айтты. Ұйымның сөзінше, Кабулда тысқары аймақтарда "әйел журналистер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған".

2001 жылы тәліптер биліктен кетірілгенде Батыс елдерінің күшімен елде ондаған телеарна мен 160-тан астам радио станциясы ашылған.

АFP ақпарат агенттігі

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG