АҚШ америкалық журналисті ұрламақ болды деген ирандық барлау басқармасының төрт қызметкеріне санкция жариялады.
3 қыркүйек күні АҚШ Қаржы министрлігі Иран барлау басқармасының аға қызметкері Алиреза Шахвароги Фарахани мен соның қолында істейтін Махмұд Хазейн, Кия Садеги және Омид Нуриді санкция тізіміне қосқанын мәлімдеді.
Фарахани АҚШ, Ұлыбритания, Канада және БАӘ елдерінде жүрген ирандық диссиденттерді аңдумен айналысатын бөлімді басқарады дейді АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдемесінде.
Санкция тізімінен ілінген төртеу Нью-Йоркте тұратын журналист, ұлты иран АҚШ азаматы Масих Алинежадты (ханым) ұрлап әкетіп, Венесуэла арқылы Иранға жеткізуді жоспарлаған дейді АҚШ Әділет министрлігі шілде айында қозғаған қылмыстық ісінде.
Оларға бұдан бөлек санкция ережесін бұзды, қаржы алаяқтығын жасады, заңсыз ақшаның ізін жасырды деген айып тағылды.
"Иран үкіметінің адам ұрлау жоспары билік сыншыларының үнін өшіру жөніндегі тоқтаусыз әрекетінің тағы бір мысалы болып отыр" деді Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді қадағалау басқармасының директоры Андреа Гацки. "Шетелде жүрген диссиденттерді нысанаға алу [Иран] билігінің репрессиясының Иран аумағымен шектелмейтінін көрсетеді".
Санкцияға ілінген төртеудің АҚШ-тағы мүлкі бұғатталады, ал АҚШ азаматтарына олармен жұмыс істеуге тыйым салынады.
4 қыркүйек күні Иран тағылған айыпты жоққа шығарып, жаңа қадамды Вашингтонның "санкцияға деген әуестігі" деп бағалады.
"Санкцияның жақтастары мен саудагерлері санкциялық құралдардың Иранға әсер етпейтініне көз жеткізген соң, санкцияларын сақтау үшін Голливуд сценарийлеріне жүгіне бастады" деп келтіреді Иран сыртқы істер министрлігі Twitter желісінде министрліктің ресми өкілі Саид Хатибзаденің сөзін.
ПІКІРЛЕР