Accessibility links

Қазақстан ғалымдары дельта-штаммен күресу үшін QazVac вакцинасының құрамын өзгертпек


Коронавирустың ең агрессияшыл түрі саналатын дельта-штаммен күресу үшін Қазақстан Covid-19-ға қарсы әзірлеген QazVac вакцинасының штамм құрамын өзгертіп жатыр. Ғалымдар оны әзірлеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) кеңеспеген, ал сынақты өздеріне және жануарларға жасаған. Бұл жөнінде 6 қыркүйекте өткен брифингте биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закария айтты.

– Біздің вакцинаның штамм құрамын алмастырудың жануарларға сынағы жоғары нәтиже көрсетті... Жағдай ауыр болғандықтан, бұрын-соңды болмаған әрекетке бардық: Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-мен кеңеспестен, грипп вакциналарының тәжірибесі негізінде штамм құрамын ауыстыруға ресми рұқсат бермек. Жақын күндері «Ухань» [штамын] дельта-штамға алмастырамыз, – деді Азаттық тілшісі сұрағына жауап берген Закария.

Оның айтуынша, ғылыми зерттеу институты «дельта» штамын зерттеуді екі ай бұрын бастаған, жануарларға жасалған сынақ «жақсы нәтиже көрсеткен». Бұдан соң ғалымдар алынған өнімді өздеріне сынап көрген.

– Тәуекелге барып едік, ойдағыдай шықты, жақсы вакцина алдық, ол жақында өндіріле бастайды, – деді ол.

Қазақстандық QazVac вакцинасы жайлы тәуелсіз дерек жоқтың қасы. Ресми мәлімет бойынша, клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңіне 244 ерікті, үшіншісіне – 3 мың ерікті қатысқан.

Бұл препаратты тұрғындарға жаппай салу науқаны 26 сәуірде басталған. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі әлі бітпеген сол тұста денсаулық сақтау министрлігі оның тиімділігі 96 пайыз деген болжам айтқан.

Медицина мамандары құрамында формальдегид болғаны үшін екпені сынға алған әрі оның тиімділігіне күмән келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG