Accessibility links

Кубада 2 жастан бастап балаларға вакцина салынып жатыр, Еуропа қосымша доза мәселесін зерттеуге кірісті


Гавана көшелерінде ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.
Гавана көшелерінде ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

Куба коронавирусқа қарсы вакцинаны екі жастан бастап балаларға салуға рұқсат берді. Осылайша әлемде сәбилерге Covid'ке қарсы екпе егуге рұқсат берген алғашқы мемлекет атанды. Ал Еуропаның дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) вакцинаның толық дозасын алғандарға препараттың тиімділігін арттыратын қосымша доза салу мәселесін қарастырып жатыр.

6 қыркүйекте Кубада екі жастан бастап балаларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдамаған коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Оның алдында Куба кәмелетке толмағандардың қатысуымен өзінің екі вакцинасын клиникалық сынақтан өткізуді аяқтаған. Өткен аптада елде 12 жастан бастап балалар мен жасөспірімдерге вакцина егіле бастады.

Кубадан бөлек әлем бойынша бірнеше мемлекетте 12 жастан бастап балаларға вакцина салынып жатыр. Кейбір елдерде одан да кіші балалар клиникалық сынаққа қатысып отыр.

Ал Еуропаның дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) 16 жасқа толған немесе одан да үлкен, вакцинаның толық дозасын алғандарға дәрінің тиімділігін арттыратын қосымша доза салу мәселесін зерттеуге кіріскен. Клиникалық сынаққа иммундық жүйесі қалыпты 300 ересек адам қатысып жатыр. Олар шамамен алты ай бұрын Pfizer/BioNTech'тің екінші дозасын алған. Өткен аптада EMA қосымша доза салу соншалықты шұғыл шаруа емес, алайда дәрі-дәрмек өндірушілерден өтініш түскендіктен мәлметтерді жедел сараптауды жөн көрдік деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG