Ресей төтенше жағдай министрі Евгений Зиничев Норильскідегі жаттығу кезінде бір адамды құтқарамын деп қаза болды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, министр ведомствоның жаттығуы туралы фильм түсірген телеоператорды құтқаруға ұмтылған. Түсірілім орнын анықтап жүрген оператор кенет жығылып, жардан құлаған. Министр оны құтқару үшін суға түскен, бірақ судағы тасқа құлаған. Екеуі де мерт болған.
8 қыркүйек таңертең Ресей төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі Краснояр өлкесінде жұмыс сапарымен жүрген Зиничевтің аймақ басшысы Александр Усспен бірге Норильскідегі жаңа өрт бөлімінің құрылыс барысын тексергенін хабарлаған.
Зиничев 55 жаста болған. Ол 2018 жылдың мамыр айынан бері төтенше жағдай министрлігін басқарған. 1987 жылдан бері СССР КГБ-сында (Совет одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) қызмет атқарған. 2006-2015 жылдары Владимир Путиннің жеке күзет қызметінде істеген.
2015 жылы маусым айында федералдық қауіпсіздік қызметінің Калининград облысы бойынша басқармасына жетекшілік еткен. Бір жылдан соң аймақ губернаторы міндетін атқарды. Алайда үш ай толмай жатып бұл қызметтен өз еркімен кетіп, федералдық қауіпсіздік қызметі директорының орынбасары болып тағайындалды.
ПІКІРЛЕР