Accessibility links

Covid: Бір күнде 4 мыңнан астам науқас анықталды, 97 адам қайтыс болды


Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталық. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталық. Көрнекі сурет.

9 қыркүйекте Қазақстанда 4024 адамның анализінен коронавирус анықталды. Олардың барлығының ПТР тесті оң шыққан.

Өткен тәулікте ең көп науқас Алматы қаласында (931) тіркелген. Қарағанды облысында – 581, Нұр-Сұлтанда – 320, Ақтөбе облысында – 300, Павлодар облысында – 220, Алматы облысында – 290, Ақмола облысында 203 адамға коронавирус жұққан. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар 200-ге жетпейді.

2020 жылдың наурыз айынан бері 832 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан.

Халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Қазақстан билігі 2020 жылдың тамызынан бастап коронавирус пневмониясының статистикасын жүргізе бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атаған еді. 2020 жылдың тамызынан бері елде шамамен 72 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 8 қыркүйекте 275 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.

Екі күн бұрын 97 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған. 78-інің ПТР тесті оң шыққан, 19 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрінен қайтыс болды деп айтылады.

Індет басталғалы бері Қазақстанда 10 154 адам коронавирустан қайтыс болған. Коронавирус пневмониясы 4 630 адамның өліміне себеп болған. Жергілікті комиссияның шешімімен "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген мыңдаған адам өлімі денсаулық сақтау министрлігінің базасына енгізілмеген.

Қазір 82 мың адам коронавирус пен "пневмониядан" емделіп жатыр. 17 мыңы ауруханада жатыр.

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,8 млн адам коронавирусқа қарсы толық егілген. 1,2 млн адам әзірге бір дозасын ғана алған.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 222 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG