АҚШ президенті Джо Байден шамамен 3 мың адамның өмірін қиған 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған ірі терактіге 20 жыл толуына орай халыққа видеоүндеу жасап, америкалықтарды бірлікке үндеді.
Байден 11 қыркүйек күнгі шабуылдан алатын басты сабақ – бірліктің "ұлы күш” екендігін сезіну деп мәлімдеді.
“Бірлік дегеніміз бұл бәріміз бір нәрсеге бірдей сену дегенді білдірмейді. Бірақ бізде бір-бірімізге, ұлтқа деген терең құрмет пен сенім болуы тиіс” деді Байден.
Президенттің үндеуі коронавирус індеті, вакцинаны міндеттеу, Ауғанстаннан әскер алып кету, дауыс беру және аборт жасату құқықтарына қатысты мәселелер бойынша америкалықтардың пікір-көзқарасы қақ жарылған кезде жасалып отыр.
11 қыркүйекте президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис ұшақ құлаған орындарға барып, еске алу шараларына қатысады, бірақ Байденнің рәсім кезінде жұрт алдында сөйлемейтіні хабарланды.
11 қыркүйектегі теракт: Әлем тарихын өзгерткен күн.
20 жыл бұрын 2001 жылы 11 қыркүйекте таңертең 19 содыр төрт жолаушы ұшағын айдап әкетіп, тарихта ең ірі теракт жасады. Террорлық актілерден барлығы үш мыңға тарта адам қаза тапқан. Екі ұшақ бірінен соң бірі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасын соқты. Содырлар үшінші ұшақты Пентагон ғимаратына бағыттаған. Ал төртінші ұшақтағы жолаушылар терроршыларға қарсылық көрсетіп, ұшақ Пенсильвания штаты аумағына құлаған.
ПІКІРЛЕР