Accessibility links

NYT: Америка әскері Кабулдағы нысанаға соққы берген кезде қателескен болуы мүмкін


MQ-1 Predator дроны.
MQ-1 Predator дроны.

Тамыз айының соңында америкалық дрон Кабулда "өзін жармақшы болды" делінген адам отырған көлікке дронмен соққы берген. Ақпарат құралдарының жазуынша, соның салдарынан бір отбасының он мүшесі қаза тапқан, арасында 6 бала бар. Америкалық New York Times газетінің тілшілері бақылау камераларының жазбаларын зерттеп, сонымен бірге қаза тапқан жүргізушінің туыстары мен әріптестерімен сөйлескен. Зерттеу авторлары қаза тапқан адамдардың "Ислам мемлекеті" тобымен байланысы бар деген америкалық әскери қызметкерлердің тұжырымына күмән келтіреді.

Басылымның жазуынша, соққы жасалған көлікті 43 жастағы Земари Ахмади жүргізген. 2006 жылдан бері ол америкалық коммерциялық емес Nutrition & Education International ұйымында инженер-электрик болып жұмыс істеген.

Әскерилердің айтуынша, сол күні көліктің қозғалысы күмәнді көрінген. Болжамға қарағанда, ол "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының ошағына барып, жарылғыш заттар тиеген болуы мүмкін. NYT тілшілерінің анықтаған ақпаратына сәйкес, соққы жасалған күні Земари Ахмади әріптестерін жұмысқа жеткізіп, қайтып келе жатқан. Әріптестерінің айтуынша, бұл Ахмадидің күнделікті тірлігі.

Ал бейнебақылау камераларындағы жазбалардан зерттеуші журналистер Ахмадидің әріптестерімен бірге көлікке суға толы канистрларды тиеп жатқанын көрген. Марқұмның әріптестерінің айтуынша, ол тұратын ауданда "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) билікті басып алғалы су тоқтап қалған. Сол себепті Ахмади үйіне суды кеңседен тасуға мәжбүр болған.

Сол күні таңертең ол жақын маңдағы босқындарға тамақ алып бару үшін рұқсат сұрау үшін бірнеше әріптесін полиция бөлімшесіне тәліптерге алып барған.

Америкалық әскери қызметкерлердің сөзіне қарағанда, Ахмади және тағы үш адам көлікке ауыр пакеттер тиеген. Әскерилер оны жарылғыш зат деп топшылаған. Көліктегі жолаушылардың айтуынша, суға толы канистрлермен қатар көлікте екі ноутбук қана болған. Үш жолаушының барлығы жарылғыш зат болғанын жоққа шығарады.

Ахмади әріптестерін жеткізгеннен кейін үйіне қайтқан. Ол әуежайға жақын маңда тұрған. Америкалық әскери қызметкерлердің айтуынша, бұл көлік әуежайдағы әскерге "қауіп төндірген". Сол себепті Ахмади үйінің ауласына жеткен кезде соққы жасалған. NYT жазуынша, сол кезде көлікте Ахмадидің келгеніне қуанып, бірден көлікке отырып алған бауырларының балалары болған.

АҚШ әскерінің мәлімдеуінше, көлікке соққы жасалғаннан кейін ол екінші рет жарылған. Әскерилер оны көліктегі жарылғыш заттармен байланыстырады. Ал журналистер мен сарапшылар жарылғыш заттардың ізін таппады. Ахмадидің туыстары журналистерге марқұм оқиға алдында өзін АҚШ-қа босқын ретінде көшіру туралы өтініш бергенін айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG