Accessibility links

Израиль түрмесінен қашып шыққан алты палестиналықтың төртеуі ұсталды


Израиль түрмесінен қашып шыққан палестиналықтар осы туннельді қазып шыққан.
Израиль түрмесінен қашып шыққан палестиналықтар осы туннельді қазып шыққан.

Израиль полициясы қауіпсіздігі жоғары түрмеден туннель арқылы қашып шыққан алты палестиналықтың төртеуін ұстады.

Ұсталған төртеу 11 қыркүйек күні сот алдына барды. Оларды Израильдің солтүстігінен ұстаған.

Израиль полициясы түрмеден қашқандарды қолға түсіру үшін күні-түні жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Түрмеден қашқан адамдардың бесеуі – "Ислам жиһады" тобының мүшесі. Алтыншысының "Фатах" тобына қатысы бар. Төртеуі лаңкестік әрекет үшін сотталған, екеуі бостандығынан өмір бойына айырылған.

Алты палестиналық 6 қыркүйек күні түрмеден туннель арқылы қашып шыққан. Бұл жағдай Израиль түрмесі жүйесіндегі кемшіліктерді көрсетіп, түрмеден қашқандарды Палестинаның батырына айналдырды.

Газа секторы мен Батыс жағалауында палестиналықтар жиын өткізіп, түрмеден қашып шығу оқиғасын тойлатты.

10 қыркүйек күні Газа секторындағы палестиналық топтар Израильге қарата зымыран атып, түрмеден қашқандарға қолдау білдірді. Израиль қарымта шабуыл жасады. Дәл осындай жағдай 11 қыркүйек күні де болған.

Израиль полициясының хабарлауынша, қашып шыққандардың екеуі Израильдің солтүстігіндегі Умм әл-Ғанам қаласындағы автотұраққа тығылған. Солардың бірі Зәкария Зубейди 2000-жылдардың басында палестиналықтардың екінші көтерілісінде қаруланған топтың лидері болған. 2019 жылы оған рақымшылық жасаған, бірақ кейін оны шабуылға қатысы бар деген күдікпен қайта ұстаған.

Оның алдында Умм әл-Ғанам қаласынан батысқа қарай орналасқан Назарет қаласында тағы екеуі ұсталған.

Қалған екі адамды әлі іздеп жатыр.

Израиль премьері Нафтали Беннет Израиль қауіпсіздік күштерін "табандылығы" үшін мақтады.

"Миссия аяқталмайынша, жоғары деңгейде дайындықты ұстап тұруымыз керек" деді Беннет мәлімдемесінде.

Палестина билігі бірден мәлімдеме жасамады. Бірақ кейінірек ХАМАС қозғалысының баспасөз хатшысы Абдельтаиф аль-Кану қайта ұсталғанына қарамастан, тұтқындардың "жеңіске жеткенін, Израиль қауіпсіздік қызметіне беделіне дақ түсірді" деді.

Газа секторында ХАМАС-тың қарулы бөлімі алда Израильмен тұтқын алмасатын болса, түрмеден қашқандарды сол тізімге қосатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG