Жуырда жария етілген құжатта ФБР-дің 9/11 терактісінде Сауд Арабиясының ізі бар-жоғын тергеуі жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бар.
Құжатқа қарағанда, Сауд Арабиясы консулдығының қызметкері мен сауд барлау қызметінің өкілі ұшақтарды басып алғандардың кемі екеуіне қолдау білдірген болуы мүмкін. Құжатта көрсетілуі мүмкін деген көмектің сипаты баяндалған.
Өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден ФБР-дің 9/11 терактісі туралы құжаттарын жария ету бұйрығына қол қойған. 11 қыркүйек күні кешке шыққан бұл құжат – сол бұйрық күшіне енгелі жарияланған алғашқы хаттама.
2016 жылғы құжат 16 беттен тұрады. Оны жарияламас бұрын әбден өңдеген. Дегенмен, онда көптеген куәгердің жауаптары келтірілген. Хаттамада осы жауаптардан кейін ФБР Лос-Анжелесте білім алып жүрген сауд студенті Омар әл-Баюмиден күдіктене бастағаны байқалады. ФБР оны сауд барлау қызметінің тыңшысы деп тұспалдаған
ФБР құжатында ұшақ ұрлағандардың екеуі АҚШ-қа 2000 жылы ақпанда келгені, Омар әл-Баюмидің оларға сапар, тұрғын-үй және қаражат мәселесінде көмектескені айтылады.
Құжатта сондай-ақ 2015 жылғы сұхбат сипатталған. Ол сұхбатты содан бір жыл бұрын АҚШ азаматтығын алуға өтініш берген, бірақ жылдар бойы Сауд Арабиясының азаматтарымен байланыста болған бір адам берген.
Сауд Арабиясы 3000 адамның қазасына әкелген терактіге қатысы барын жоққа шығарып келеді. Жария болған құжаттарда бұл елдің лаңкестік шабуылға қатысы барын дәлелдейтін айғақ келтірілмеген.
Сауд Арабиясының Вашингтондағы елшілігі осы аптада ФБР құжаттарын жариялауды қолдайтынын, мемлекетінің шабуылға қатысы жөніндегі айыптар негізсіз екенін мәлімдеді.
Байден ФБР құжаттарын жария етуді қаза тапқандардың туыстары қойған талаптан кейін бұйырды. Марқұмдардың туыстарынан құралған бір топ терактіге Сауд Арабиясының қатысы бар деп, оны сотқа берген. Осы топ Байденге ФБР құжаттарын жария етпейінше, 9/11 құрбандарын еске алу шарасына қатыспау туралы талап қойған.
Шабуылға Сауд Арабиясының қатысы болуы мүмкін деген күдікті ұшақ ұрлаушылардың азаматтығы күшейтті. Теракт күні төрт ұшақты басып алған 19 адамның 15-і Сауд Арабиясының азаматы болған. Ал "әл-Қаида" ұйымының басшысы Усама бен Ладен Сауд Арабиясындағы танымал әулеттен шыққан.
ПІКІРЛЕР