Accessibility links

Сарапшылар: Қытай Шығыс Еуропа елдеріне ықпалын "сатып алып жатыр"


Қытай президентіне алғыс жазылған плакат. Белград, 30 наурыз 2020 жыл.
Қытай президентіне алғыс жазылған плакат. Белград, 30 наурыз 2020 жыл.

Орталық және Шығыс Еуропаға қытай капиталының ағылуы заңнама мен басқару стандарттарының бұзылуы және қоршаған ортаны қорғаудың нашарлауы жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Болгариялық Демократияны зерттеу орталығының есебінде осындай тұжырым жазылған.

Зерттеу Қытай аймақтың негізгі сауда әріптесі бола бастағалы бері соңғы жылдары байқалған негізгі тенденцияларды қамтиды.

Зерттеу деректеріне қарағанда, 2009 жылдан бері қытай компаниялары аймақтағы кәсіпорындардың үлесін сатып алуға шамамен 14 млрд доллар жұмсаған. Кейінгі жылдары аймақтың инфрақұрылым, энергетика мен телекоммуникация саласында қытай инвестициясының үлесі артқан. Олардың жалпы құны 50 млрд долларға жеткен. Көп жағдайда жеңілдікке ие болатын қытай инвесторларының нарыққа келуі жабық жағдайда жүзеге асырылады және бұл жемқорлыққа оңай жол ашады.

Есепке қарағанда, аймақта қытай инвестициясының артуымен бірге Пекиннің саяси ықпалы да күшейіп келеді. Пекин белсенділігі әсіресе Чехия, Венгрия, Босния, Черногория мен Сербияда байқалып отыр.

Қытайдың Батыс Балқан елдеріне саяси және экономикалық ықпалы күшеюінің негізгі орталығы ретінде Сербия аталған. Есеп авторлары Орталық және Шығыс Еуропаны Қытай капиталының Еуроодаққа "жасырын есігі" деп атайды.

Сарапшылардың пікірінше, Қытай Батыс Балқан елдерінің Еуроодаққа қосылуына кедергі жасауға тырыспайды, алайда аймақта Қытай ықпалының артуы және қытайлық инвесторлардың жағдайын жасайтын заңдар мен ережелердің қабылданып, ашық бәсекеге зиян тигізуі олардың Еуропадағы болашағына нұқсан келтіреді.

Батыс Балқан елдерінің Еуродаққа қосылуына сонымен бірге қытай компанияларының көмір өндірісіне қаржы құюы және ауаға шығатын зиянды қалдықтарды көбейтуі де бөгет жасауы мүмкін, себебі бұл Еуроодақтың ғаламдық жылынумен күрес бойынша ұзақмерзімді стратегиясына қайшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG