Accessibility links

Қарағандыда үлескерлер құрылыс компаниясынан міндетін орындауды талап етті


Eurasia Building компаниясының құрылыс алаңында тұрған үлескерлер. Кейбіріне арнайы киім кию ұсынылды. Ақ каска киген адам - компания басшысы Айдос Мұқатаев. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.
Eurasia Building компаниясының құрылыс алаңында тұрған үлескерлер. Кейбіріне арнайы киім кию ұсынылды. Ақ каска киген адам - компания басшысы Айдос Мұқатаев. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.

Қарағандыда баспана құрылысына қаржы құйған бір топ адам құрылысты әлі аяқтамаған компанияға барып, бірқатар талабын жеткізді. Eurasia Building компаниясының басшылығымен кездесуге келгендер "баспанамыз қашан дайын болады?", "неге құрылыс тоқтап қалды және үйлерді бітіру мерзімі неге тағы кейінге шегерілді?", "құрылыс соңына дейін аяқталады дегенге кепілдік бере аласыздар ма?" деп сұрады.

Бір ғана үйдің құрылысына үлескерлер жүздеген миллион теңге құйған. Наразылардың сөзіне қарағанда, Қарағандыда шамамен 500 отбасына арналған үш тұрғын үй кешенін аяқтау мерзімі созылып келеді.

– Сонда бізді алдап кеткені ме? Күтіп жүргенімізге екі жыл болды, үш жыл күтіп жүргендер де бар. Бұл үйге 2019 жылы қаржы құйдық, пәтер құнының 30 пайызын төледік және ай сайын белгілі бір соманы құйып келеміз. Пәтердің құнын толық өтегендер де бар. Бізге 2020 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп уәде берген. Бірақ үй әлі күнге дейін дайын емес. Қашан дайын болатынын да білмейміз. Қазір енді 2022 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жатыр, – дейді шағымданған тұрғындардың бірі Айжан Әлжанова.

Құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесуге журналистер де келді. Компания өкілдері басында БАҚ-ты құрылыс алаңына кіргізуге ықылас танытпаған. Бірақ кейбір үлескерлер БАҚ өкілдерінсіз сөйлесуден бас тартты, кейбірі құрылыс алаңының қақпасы алдында сұхбат бере бастағаннан кейін журналистер үлескерлермен бірге құрылыс алаңына кіргізілді.

Eurasia Building компаниясы басқармасының төрағасы Айдос Мұқатаев құрылыстың кешіктірілуін індетпен байланыстырды. Ол кешен 2022 жылдың екінші-үшінші тоқсанында аяқталады деп мәлімдеді.

– Аталған тұрғын үй кешенін Халық банк қаржыландырып жатыр және оған өз ақшамыз да жұмсалып жатыр. Қазір күрделі кезең, банк барлық бес нысанды тұтас қаржыландыра алмайды. Екі нысанды аяқтағаннан кейін банк тағы қаржы құяды. Аталған нысандардың құрылысына ақша бөлдірту үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, барлық құрылыс материалы да, жұмыс күші де қымбаттады. Салымшылардың ақшасы нысан құнының 15-20 пайызын құрайды. Иә, нысанды аяқтау мерзімі шегерілді. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ бәсең, – деді Мұқатаев.

Бұған дейін үлескерлер Қарағанды облысының әкімінен көмек сұраған. Әкімдік үлескерлерге берген жауабында "аталған нысандар үлескерлердің ақшасын пайдалануға рұқсат алмаған" деп жауап берген. Жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар жуырда президент әкімшілігіне де хат жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG