Accessibility links

Бір күнде 3,3 мың адамнан коронавирус анықталды, 64 науқас қайтыс болды


Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханалардың бірі. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханалардың бірі. Көрнекі сурет.

15 қыркүйекте 3343 адамның анализінен коронавирус анықталды.

Алматыда - 704, Қарағанды облысында – 463, Нұр-Сұлтанда – 339, Алматы облысында – 278, Ақтөбе облысында 240 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Алматы қаласы (161 мың) бірінші орында тұр. Нұр-Сұлтанда індет басталғалы бері 137 мың адам коронавирусқа шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 851 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 10 549-ы қайтыс болған.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанын хабарлаған. Бірақ елде коронавирус көрсеткіші пен онымен байланысты адам өлімі былтырмен салыстырғанда әлі де жоғары.

Сейсенбі, 14 қыркүйекте Қазақстанда коронавируспен байланысты 64 адам өлімі тіркелді: 58 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Қазақстан 2020 жылдың 1 тамызынан бастап ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын "ковидтектес пневмония" есебін жүргізіп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түріне 73,3 мың адам шалдыққан. Оның ішінде 4706 адам аурудан айыға алмай қайтыс болған. 14 қыркүйекте 241 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

Қазір шамамен 74 мың адам коронавирустан емделіп жатыр, 13,8 мыңы стационарда жатыр.

19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет 10 миллион азаматқа коронавирус вакцинасын салуды көздеп отыр. Бүгінге кейін дейін екпені 6 млн-нан астам адам толық алған. Бұдан бөлек, 1,1 млн адам вакцинаның екінші дозасын күтіп отыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 226 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG