Accessibility links

Белсенділер: ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан шешімдерді көрсетпейінше сотқа қатыспаймыз


Алмалы аудандық сотының ғимараты. Көрнекі сурет.
Алмалы аудандық сотының ғимараты. Көрнекі сурет.

Алматының Алмалы аудандық сотында "тыйым салынған ұйымды құрды" және "оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің соты өтіп жатыр.

17 қыркүйекте айыпталушылардың кемінде төртеуі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы Есіл аудандық сотының шешімін судья алдыртып, іске тіркемейінше сотқа қатысудан бар тартты.

Бұған дейінгі сот отырыстарында судья айыпталушылар мен қорғаушылардың талап-тілегімен прокурорға сот шешімін әкелуді тапсырған. Бірақ іске қатысып отырған екі прокурор да "бұл шешім туралы БАҚ-та хабарлама тарағанын" айтумен шектелген. Бұған айыпталушылар мен қорғаушылар наразы болған.

Жұма күнгі сот отырысында шамамен бір сағат бойы сот шешімін әкелу жайы талқыланды. Бірақ бірнеше қорғаушы талап-тілекті қайта тастағанымен прокурор оны негізсіз деп, соттан қанағаттандырмауды сұрады. Сот бұл талап-тілек кейінірек кеңесу бөлмесінде қаралатынын айтқанымен белсенділер оған көнбейтінін айтты.

Сонда да судья Ернар Қасымбеков 78 томнан тұратын іс құжаттарын талқылауға көшті. Бірақ осы кезде айыпталушылар Марат Құрбанов пен Гүлзипа Жаукерова сот шешімін алдырмайынша іске қатысудан бас тартамыз десті. Құрбанов "Есіл аудандық сотының шешімінсіз бұл 78 том макулатура" деді. Ал Жаукерова "Бір емес, екі рет сот шешімінсіз соттап жатыр. Не үшін? Кәмелет жасқа толмаған балам бар. Ал мен мына компьютердің алдында отырмын. Прокурор әкелмесе, өзіңіз хат жазып алдыруды талап етемін. Шешім болмаса іске қатысудан бас тартып, байланысты үземін" деп жылады.

Осы кезде іске Zoom қосымшасы арқылы ЛА-55/18 түзеу мекемесінен қатысып отырған бес белсендінің ішінде Асқар Жексебаев пен Абай Бегімбетов бұл талапты қолдайтынын айтты. Өзге белсенділер де "дұрыс" деп пікір білдірді. Судья Жаукероваға "байланысты үзсе іс кейінге қалатынын" ескертіп, іс құжаттарын оқуды жалғастырғанда белсенді сот отырысынан шығып кетті. Содан кейін судья істі қарауды тоқтатты.

Сот 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың тоғызы - "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", төртеуі - "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген.

13 белсендінің барлығы қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

Қарай отырыңыз: 13 белсендінің соты қалай өтіп жатыр? (25 тамыз 2021 жыл).

13-тің соты. "ҚДТ ісіне араласты" деп айыпталған белсенділердің ісі қалай қаралып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

2020 жылы астананың Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды. Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Айыпталушылар сот шешімін көрсетуді бұған дейін бірнеше рет талап еткен. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды деп санайды.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG