Accessibility links

Бірнеше адам "Нұр Отанға" барып, баспана мәселесін шешуді талап етті


Мүгедектігі бар бірнеше адам "Нұр Отан" алдында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 жыл.
Мүгедектігі бар бірнеше адам "Нұр Отан" алдында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 жыл.

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда мүгедектігі бар бірнеше адам "Нұр Отан" партиясының қалалық бөлімшесіне барды. Олар билік партиясы ғимаратының алдында наразылық шарасын өткізіп, баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап етті. Плакат ұстаған тұрғындар арасында мүгедек арбасындағы баласын ала келгендер де болды.

Наразылар ғимарат алдына келген бойда оларға партия өкілдері шықты. Ал полиция оларды сырттай бақылап, шараны камераға түсірді. Наразылар "Мүгедектерге баспана берілсін!" деп ұрандатты.

Өздерін билік партиясының өкілі деп таныстырған бірнеше адам наразыларды ғимарат ішіне кіріп сөйлесуге шақырды.

Наразы топ бұған дейін бірнеше рет көмек сұрап барған қалалық әкімдік те, еңбек министрлігі де мәселені шешпегенін айтып, "Нұр Отан" партиясы өкілдеріне де сенімсіздік танытты. Алайда партия мүшелерінің "Әр адамның мәселесін жеке тыңдап, мәселені шешеміз" деген уәдесінен кейін тұрғындар ғимаратқа кіруге келісім берді.

"Нұр Отан" алдына келген наразыларға шыққан партия өкілдері. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 жыл.
"Нұр Отан" алдына келген наразыларға шыққан партия өкілдері. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 жыл.

Азаттыққа пікірін айтқан үшінші топтағы мүгедек әрі екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Назгүл Шоқаева соңғы айларда атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін айтады. Талма (эпилепсия) дертімен ауыратын ол қалалық әкімдік пен еңбек министрлігінен еш қайран болмағасын "Нұр Отан" партиясынан көмек сұрауға келгенін жеткізді.

Ал қала тұрғыны Ақмарал Біләлова 15 жылдан бері пәтер кезегінде тұрса да, әлі күнге баспана ала алмай жүр екен. Нұр-Сұлтан әкімдігі оған биыл баспана беруге уәде еткен. Бірақ жыл аяқталуға жақындаса да, мүгедек бағып отырған ана үйге қол жеткізбеген.

- 20 қыркүйекте жалдап тұрып жатқан баспанадан шығуым керек. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. Пәтерге төлейтін ақшамыз жоқ. Бірнеше күннен кейін үш баламен далада қалайын деп тұрмын. Қайда барарымды білмеймін. Ал әкімдік уәде еткен үйін нақты қашан беретінін айтпайды. Мәселе шешілмесе, әкімдікке немесе "Нұр Отанға" келіп қонамын, - дейді Біләлова.

"Нұр Отан" партиясына наразылар шағымын тыңдауға келген қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Бейсен Ақмарал Біләловаға бір айдан кейін үй берілетінін айтты.

Наразылар бұған дейін "Нұр Отан" партиясына бірнеше рет келсе де, алдағы уақытта баспана мәселесі шешілетініне күдік келтіретінін айтты.

Ал партия өкілдері болса, барлық мәселе тыңғылықты зерттеліп, шешіледі деген уәде берді.

Нұр-Сұлтан қаласында бұған дейін де мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік жағдайдың нашарлығына шағымданып, наразылық өткізген.

Биыл маусымның ортасында астанада БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігіне барып, мүгедектердің құқығын қорғау жөнінде петиция тапсырғандар билік "қыруар қаржыны әртүрлі имидждік іс-шараларға жұмсап, ал мүгедек адамдардың әлеуметтік құқықтарын шешуге келгенде "үнемшіл бола қалады" деп мемлекет саясатын сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG