Accessibility links

Митинг өтіп жатқан Абай ескерткіші маңында интернет өшірілді


Тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділерінің митингісі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділерінің митингісі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыда Абай ескерткіші маңында өтіп жатқан митинг аумағында интернет өшірілді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Митинг басталғаннан кейін шамамен 40 минуттан соң интернеттің бұғатталғаны белгілі болды.

Бұл маңда сенбі күні күндізгі сағат 12 шамасында "Демпартияның" митингісі басталып, жиналғандар билікті сынаған. Олар "Тәуелсіздікке қауіп төндірген" Назарбаев режимінің биліктен кетуін талап етіп, "Назарбаев кетсін" деп ұрандаған. Жиында АЭС салу, Қазақстан азаматтарының дерек қорын ресейлік платформаға көшіру, елдегі Қытай нысандары, әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі айтылды.

"Әскери қоймадағы оқ-дәріге ие бола алмаған билік АЭС салса, бүкіл Алматыны жарады. АЭС-ті Алматы облысына салайын деп отыр" деді биліктің АЭС жайлы мәлімдемесін сынаған жиналғандар.

Азаттық оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқан. Алайда шамамен 40 минуттан соң интернет бұғатталды.

Митинг басталмай тұрып Азаттық тілшісі Абай ескерткіші маңында интернет бұғаттайтын құрылғылары бар көлікті көрген.

Митинг басталмай тұрып "Демпартияның" екі белсендісі Аружан Дүйсебаева мен Абзал Достияров ұсталды. Олардың қазір нақты қай полиция бөлімшесіне жеткізілгені белгісіз.

Митинг қарсаңында – 17 қыркүйекте тіркелмеген саяси ұйымның бірнеше мүшесі ұсталып, кемінде екеуі қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG