Accessibility links

Телеграм "тыныштық күнін" алға тартып "Ақылмен дауыс беру" ботын бұғаттады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

18 қыркүйекке қараған түні Телеграм мессенжері "Ақылмен дауыс беру" жобасының ботын бұғаттады. Ботты ашқан кезде "жергілікті заңға қайшы" деген хабарлама пайда болады.

Осының алдында Телеграмның негізін қалаушы Павел Дуров "сайлауалды үгіт-насихаттарымен байланысты боттарды" бұғаттаймыз деп хабарлаған. Ол бұл әрекетін үгіт-насихат ілуге тыйым салатын "тыныштық күнімен" байланыстырды. Дегенмен Ресейде бірнеше күнге созылатын дауыс беру кезінде "тыныштық күні" қарастырылмаған.

"Ақылмен дауыс беру" ботының бұғатталғаны жөніндегі жазбасын Дуров Google мен Apple-ды сынаудан бастаған.

"Бүгін Apple мен Google Ресейде Алексей Навальныйдың қосымшасын бұғаттады. Нәтижесінде Телеграмдағы "Ақылмен дауыс беру" боты ресейліктер үшін Навальный командасының сайлауалды құралына кіретін жалғыз жолы болып қалды. Біз миллиондаған ресейліктің сайлауалды кампаниясы кезінде осы ботты пайдалану мүмкіндігі болғанына қуаныштымыз және Телеграм интернеттегі ең еркін платформа ретінде қалғандығын мақтанмен айта аламыз" деді ол.

Бұған дейін Google мен Apple танымал онлайн-дүкендерінен "Навальный қосымшасын өшірген. Роскомнадзор Навальный қорларының елде "экстремистік ұйым" деп танылғанын алға тартқан. The New York Times және Bloomberg агенттіктерінің жазуынша, Google мұндай қадамға "қызметкерлерін қудалаймыз" деген қоқан-лоқыдан кейін барған.

Кремль Google мен Apple компанияларының шешімін жылы қарсы алды. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Навальный" қосымшасы Ресей аумағында заңсыз жұмыс істеді деп мәлімдеді.

Сайлау қарсаңында Роскомнадзор Американың алпауыт IT-компанияларын атап айтқанда, Google, Apple, Cloudflare мен Cisco'ны "Ақылмен дауыс беру" жүйесіне бұғаттаудан сытылып шығуға көмектесті деп айыптаған. Ведомство егер шетел компаниялары бұл әрекетін доғармаса, мұны "сайлауға килігуі" ретінде қарастырамыз деп мәлімдеген.

Apple компаниясы 17 қыркүйекте ресейлік қолданушыларына арналған "Частный узел" деп аталатын қызметін өшірді. Бұл функция қолданушыларға шынайы IP-адресін жасыруға көмектесетін.

Бір күн бұрын парламенттің жоғарғы палатасының уақытша комиссиясының отырысында Apple мен Google компанияларына "қызыл сызықтан" өтпеу туралы ескерту жасалған. Ал ондай қадам Ресей заңнамасын өрескел бұзу ретінде бағаланатын болды деп жазды "Коммерсантъ" басылымы.

Қыркүйек айының басында Мәскеу соты іздеу тораптарын "Ақылмен дауыс беруді" іздеу нәтижесіне шығармауға міндеттеген. "Яндекс" компаниясы келіскен, ал Google сот шешімін орындаудан бас тартқан. Артынша компанияның Мәскеудегі кеңсесіне сот приставтары келген.

Қарай отырыңыз: "Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

15 қыркүйекте Алексей Навальныйдың жақтастары мемлекеттік дума мен өзге де билік органын сайлауға арналған рекомендацияларын жариялады. Сол күні ресейліктер "Ақылмен дауыс беру" тізімі жарияланған Google Docs сервисіне кіре алмай қалғанын хабарлады.

Навальныйдың жақтастары сайлаушыларды "Единая Россия" өкілдерін жеңуге көбірек мүмкіндігі бар өзге кез келген партияның кандидаттарына дауыс беруге шақырған. Олар осылайша "Единая Россияның" билікті монополиялап алуына жол бермеуге тырысамыз дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG