Accessibility links

Үш күндік Дума сайлауының екінші күні сайлаушылардың 31,5 пайызы ғана дауыс берді


Мемлекеттік дума сайлауына келген адам. Ресей.
Мемлекеттік дума сайлауына келген адам. Ресей.

Мемлекеттік дума сайлауының екінші күні кешке қарай сайлау учаскелеріне сайлаушылардың 31,5%-ы келген. Ресей Орталық сайлау комиссиясы таратқан бұл мәліметке электронды дауыс бергендер кірмеген.

Сенбі күні кешке қарай Ресей субъектілерінің ішінде ең белсенді дауыс беріп жатқан Чешенстан сайлаушыларының 73,5%-ы дауыс берген. Сайлауға мейлінше аз келген өңір – Хакасия. Бұл республикада сайлаушылардың 17%-ы ғана сайлау учаскесіне барған.

Ресейдегі дауыс беру процесін қадағалап отырған БАҚ-тың бірі Би-би-си "бұл сайлау - дауыс беру процесі үш күнге созылатын алғашқы сайлау" деп жазған. Үш күн дауыс беру тәжірибесі 2020 жылы Ресей конституциясына өзгеріс енгізілген кезде алғаш рет пайдаланылған еді. Ол кезде Ресейде коронавирустың алғашқы толқыны жүріп жатқан болатын.

Арада бірнеше апта өткен соң Мемлекеттік дума мұнан кейін бірнеше күнге созылатын дауыс беру процесіне рұқсат ететін заң қабылдаған. Оны халықты жұқпалы аурудан сақтау жолдарының бірі деп түсіндірген. Алайда, Мемлекеттік дума сайлауының алғашқы күні-ақ мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік ара қашықтық тәртібін сақтамай-ақ, ұзын-сонар кезекке тұрып жатқаны байқалған.

Халықаралық француз радиосы "ресми түрде "сайлау" деп аталатын, үш күнге созылатын дауыс беру процесін" теңеуге сөз таппай", жарысып жатқанын жазады. Француз БАҚ-тары бұл сайлауды "толығымен билік бақылайтын, ыңғайсыз кандидаттарды маңына жолатпайтын сайлау" деп сипаттаған.

"Рейтингі әбден құлдыраған "Единая Россия" жеңуі үшін билік барлық жағдайды жасады" деп жазады Мәскеудегі RFI тілшісі Әниса әл Жабри. Дауыс берудің алғашқы күні, 17 қыркүйекте тіпті Google мен Apple компанияларыны да Ресей билігінің қысымына шыдамай онлайн-дүкендерінен "Навальный" деген қосымшаны алып тастап, Навальный жақтастарының "Ақылмен дауыс бер" дейтін ұсынысын әлеуметтік желі қолданушыларының қолы жетпейтіндей еткен. Одан кейін Telegram мессенжері "Ақылмен дауыс бер" ботын жойып, Youtube кандидаттарды қайта санайтын видеоны бұғаттап тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG