Accessibility links

Жаңаөзенде "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін бірнеше белсенді қамалды


Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" бірнеше белсенді әкімшілік қамауға алынды. Олардың көбі тамыздың соңында қалада өткен мәжбүрлі вакцинаға қарсы акцияға қатысқан.

Сот шешіміне сәйкес:

  • Мұратбай Жұмағалиев, Әкімшілік кодекстің 488-бап, 11-бөлігі бойынша айыпталған – 20 тәулікке қамалған;
  • Жаңбыр Ерғазиев, Әкімшілік кодекстің 488-бап, 11-бөлігі бойынша айыпталған – 20 тәулікке қамалған;
  • Ғазиз Махамбетов, Әкімшілік кодекстің 488-бап, 6-бөлігі бойынша айыпталған – 5 тәулікке қамалған;
  • Серік Тілеубаев, Әкімшілік кодекстің 488-бап, 6-бөлігі бойынша айыпталған – 5 тәулікке қамалған;
  • Бақтығали Сәбиев, Әкімшілік кодекстің 667-бап, 1-бөлігі бойынша айыпталған – 4 тәулікке қамалған;
  • Келбет Нұрбаев, Әкімшілік кодекстің 488-бап, 6-бөлігі бойынша айыпталған – 5 тәулікке қамалған;

Белсенділердің барлығына сот шешімі 19 қыркүйекте шыққан.

41 жастағы белсенді Мұратбай Жұмағалиев, 52 жастағы Жаңбыр Ерғазиевке шыққан сот шешімдерінде белсенділердің "бейбіт жиын өткізу тәртібін" қайталап бұзғаны, 16 тамыз күні Жаңаөзен әкімдігі алдындағы "заңсыз митингіге" қатысқаны (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-бөлігімен айыпталған) жазылған. Екеуі де сотта "кінәсін мойындаған". Белсенділер сот отырысы кезінде "намазхан жігіттерді қамап қойды" деген ақпаратқа орай әкімдік алдына барғанын айтқан.

Жаңөазен тұрғындары Ғазиз Махамбетов, Серік Тілеубаев, Келбет Нұрбаевқа шыққан сот шешімдерінде олардың 30 тамызда қалалық әкімдік алдында "мәжбүрлі вакцинаға қарсы" екенін айтып, "бейбіт жиын өткізу тәртібін" бұзғаны жазылған. Олар сот отырысында тағылған айыпты "мойындаған".

Соттың ақпаратына қарағанда, Бақтығалы Сәбиев 19 қыркүйекте "Тәуелсіздік" алаңында жеке басын анықтау кезінде полиция қызметкерлеріне құжатын көрсетпей, "заңды талаптарына бағынбаған" . Ол полицияның көлігіне отырудан да бас тартқан. Сот шешімінде оның тағылған айыпты мойындағаны көрсетілген.

Белсенділердің барлығының ісін судья Кенжекүл Қалауова жүргізген.

30 тамызда Жаңаөзенде бір топ белсенді мен қала тұрғындары коронавирус вакцинасын мәжбүрлеп салдыруға қарсылық акциясын өткізген еді.

- Вакцинаны мүлдем салдырмаймыз демейміз. Бірақ мәжбүрлемесін, әркім өз еркімен салдырсын, -деген еді сол кезде белсенді Мұратбай Жұмағалиев.

  • Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталықтарынан алшақ жерлерде орналасады. Әкімдікпен келісілмеген шаралардың барлығы "заңсыз" деп саналады, оған қатысушылар сотталады.
  • Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG