Accessibility links

"Демпартия" белсендісі Абзал Достияров изоляторда аштық жариялады


Белсенді Абзал Достияров. 2020 жыл.
Белсенді Абзал Достияров. 2020 жыл.

Өткен сенбіде митинг алдында ұсталып, 15 тәулікке қамалған тіркелмеген "Демократиялық партия" белсендісі Абзал Достияров аштық жариялады. Бұл туралы адвокаты Жанар Балғабаева партия өкілдерінің тікелей эфирде таратқан хабары кезінде мәлімдеді.

Абзал Достияров қазір Алматы маңындағы Есік қаласының уақытша қамау изоляторында қамауда отыр. 20 қыркүйекте "Демпартия" өкілдері Есік қаласына барып, Достияров жайлы ақпарат талап еткен. Дүйсенбі күні оған кіріп шыққан адвокат Жанар Балғабаева белсендінің бір күн бұрын аштық жариялағанын айтты. Басты талабы – өзін тұрақты мекенжайы маңындағы изоляторға ауыстырсын деп отыр.

Бұған дейін партия өкілдері полицияның ұстау кезінде оған күш көрсеткенін хабарлаған.

"Оны [Алматының N4 ауруханасында] тексерген. Сол кезде Абзалдың басында және мойнында жарақат бары анықталған. Сәйкесінше, ем де тағайындалған. Бірақ әлі медициналық көмек көрсетілмеген. Абзал бүгін мен бар кезде медициналық көмек көрсетілуін сұрап, өтініш жазды. Ол отырған камераның іші лас екенін айтып, намаз оқи алмайтынын да жеткізді" деді Жанар Балғабаева.

Адвокат Достияровтың жазған хатын да жақтастарына көрсетті. Онда белсенді 18 қыркүйекте Алматының Абай-Достық көшелерінің қиылысында ұсталғаннан кейін автобуста арнайы жасақтың үш өкілінің өзіне "күш қолданып, ұрғанын" жазған.

"Бейнекамерасы жоқ ресейлік газельдің ішінде мені ұрып-соқты. Олар сегіз адам болды. Алатау аудандық ішкі істер басқармасына жеткенше үшеуі ұрып отырды. Қарама-қарсы отырған командирі бетімнен шапалақпен тартып жіберді. Екі жағымда отырған [арнайы жасақ өкілі] мойнымнан ұрып, қысты. Сол жағымда отырғаны үш-төрт рет ұрды. Ал оң жағымдағысы оннан аса соққы жасады" деп жазған Достияров хатта. Жанар Балғабаева бұған қатысты құқық қорғау органдарына шағым түсіретінін айтты.

Алматы полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.

18 қыркүйекте "Демпартияның" митингісі қарсаңында және өтіп жатқан кезде бірнеше мүшесі ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, алты адам ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған. Ырысбек Тоқтасын, Абзал Достияров, Дәурен Достияров, Теміртас Нағыметуллаев "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әрқайсысы 15 тәулікке қамалған. Аружан Дүйсебаева мен Гүлнәр Мирмамбетоваға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Қарай отырыңыз: "Назарбаев пен Тоқаевқа тәуелсіздікті саудаға салдырмаймыз!". Алматыдағы митинг қалай өтті? (18 қыркүйек 2021 жыл).

"Назарбаев пен Тоқаевқа тәуелсіздікті саудаға салдырмаймыз!". Алматыдағы митинг қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG