Accessibility links

Британия Ресейдің тағы бір азаматын Скрипальдерді улауға қатысты деп айыптады


ГРУ-да жұмыс істеуі мүмкін Денис Сергеев (Сергей Федотов).
ГРУ-да жұмыс істеуі мүмкін Денис Сергеев (Сергей Федотов).

Ұлыбритания тергеуі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның улануына тағы бір ресейлік - Денис Сергеевті айыптады.

Тергеушілердің дерегінше, ГРУ-да жұмыс істеуі мүмкін Денис Сергеев өз атына Сергей Федотов деген құжат жасатқан. Британия полициясының мәліметінше, Денис Сергеев Анатолий Чепига мен Александр Мишкинмен (екеуі Руслан Боширов пен Александр Петров деген атпен құжат жасатқан) бірге 2018 жылы Солсбери қаласында Сергей және Юлия Скрипальді улау операциясына қатысқан.

ГРУ-дың бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия "Новичок" уымен уланып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер оларды аман алып қалған.

Денис Сергеев, яғни "Сергей Федотов" жайлы екі жыл бұрын Bellingсat зерттеу тобы хабарлаған.

Bellingсat зерттеушілері "Петров" пен "Бошировтің" шын есімдерін де анықтаған еді. Кейін өздерін "Петров" және "Боширов" деп таныстырған екі адам RT эфиріне шығып, Скрипальді уламағандарын, Солсбериге шіркеу көруге барғандарын айтқан. Одан кейін екеуі жұрт алдына шықпады.

ВВС кейін Денис Сергеевтің ГРУ сапында жұмыс істейтін генерал-майор екенін анықтаған. Сергеевтің Скрипальдарды улау операциясын басқаруы мүмкін екені де айтылған еді.

Ағылшын полициясының дерегінше, Сергеев 2018 жылы наурызда Британияға ұшып жеткен. Сергеев Солсбериге бармаған, Скрипаль улаған күні Лондонда болған. Британия полициясы ресейлік үшеу Лондонда бірнеше рет кездескеніне дәлеліміз бар деп мәлімдеді.

Сергеевтің "Федотов" құжатымен бірнеше рет Болгарияға келгені де белгілі болды. Оның бір сапары болгариялық бизнесмен Емельян Гебревтің "Новичок" уымен уланған кезге тұспа-тұс келген.

Сергеев "Боширов" және "Петровпен" бірге Чехияда да болған. "Боширов" пен "Петров" 2014 жылы Чехияда қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа қатысы бар деп айыпталған.

Скрипальдардың улануы Лондон мен Мәскеудің қарым-қатынасына сызат түсірді. Ресей билігі Скрипальдардың улануына қатысымыз жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG