Accessibility links

"Төрт айдан бері Жоғарғы сотты жағалап жүрмін". Сот шешіміне наразылар тағы жиналды


Сот шешіміне наразылар Жоғарғы сот ғимаратының алдында жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 23 қыркүйек 2021
Сот шешіміне наразылар Жоғарғы сот ғимаратының алдында жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 23 қыркүйек 2021

23 қыркүйекте сот шешіміне наразы он шақты адам Нұр-Сұлтандағы Жоғарғы сот алдына жиналды. Қазақстанның әр өңірінен келген азаматтар өздеріне қатысты жергілікті жерде шыққан сот шешімдерімен келіспейді. Сондықтан олар өздерін Жоғарғы сот өкілдері қабылдап, мәселелеріне назар аударуды талап етеді.

Наразылардың сөзіне қарағанда, олар 22 қыркүйекте сот ғимараты алдына түнемек болған. Алайда күзетшілер Жоғарғы соттың қабылдау бөлімінің есігін ашпаған. Түнгі 1:00 шамасында шағымданушыларға қалалық әкімдік және полиция өкілдері келіп, таңғы сағат 10-да ғимаратқа кіруге мүмкін болатынын айтқан. Бірақ таңертең де қабылдау бөлімінің есігі жабық тұрды.

Жоғарғы сотқа келгендердің бірі алматылық белсенді, ғалым Есенғазы Қуандық Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына үш күннен бері кіре алмай жүргенін айтады. Ғалым Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінен "заңсыз шығарылғанын" айтып, әділдік іздеп жүр. Ол Жоғарғы соттың кассациялық шағым түсіре алмайтыны туралы жауап хатымен келіспейді. Есенғазы Қуандық Қазақстандағы "Еститін үкімет" жобасы жұмыс істемейді, мемлекеттік органдар азаматтардың шағымына құлақ аспайды" дейді.

Көкшетаудан келген тағы бір арызданушы Ботагөз Сәрсекееваның сөзінше, оған 2016 жылы "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылған. Шағымданушы өзіне қатысты шешімнің "заңсыз екенін" дәлелдей алмай жүргенін жеткізді.

Жоғарғы сотқа шағымданып келген Көкшетау тұрғыны Ботагөз Сәрсекеева.
Жоғарғы сотқа шағымданып келген Көкшетау тұрғыны Ботагөз Сәрсекеева.

- Маусым айында осы жерде үш күн қондық. Құжаттарымызды тапсырдық. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың онлайн қабылдауында болдық. Сол кезде әділдік жеңеді деген үмітіміз болған. Жоғарғы сот сөзінде тұрады деп ойладық. Енді келсек, бізге есік те ашпады, - дейді Сәрсекеева.

Нұр-Сұлтанға Жаңаөзен қаласынан келген Асылбек Табылдиев есімді азамат болса, Жоғарғы сотқа жұмыстан заңсыз шығарылғанына шағымданып келген. Ол қалалық және Маңғыстау облыстық сотынан әділдік таппай, астанаға келуге мәжбүр болғанын айтады. "4 айдан бері Жоғарғы сотты жағалап жүрмін" деген Табылдиев сот жетекшісі Асановпен онлайн болса да, кездесіп, мәселесін жеткізгісі келеді.

Сот шешіміне наразылар туралы журналистерге пікір берген Жоғарғы соттың ресми өкілі Айдос Сәдуақасов арызданушылардың шағымдары қаралып жатқанын, оған байланысты жауап бірнеше күннен кейін болатынын айтты. Оның сөзінше, шағымданушыларды сот ғимаратына қондыруға Нұр-Сұлтан қаласының "қызыл аймақта" болуы кедергі.

Қазақстанның бірнеше өңірінен келген топ бейсенбі күні жоғары сот өкілдері қабылдамаса, онда сол маңға қонуға бекініп отыр.

Қазақстанда сот шешіміне наразылар түрлі акция өткізіп, мәселеге биліктің назарын аудартуға тырысқан. Бұған дейін олар Қазақстаннан әділдік таппаса, халықаралық ұйымдардан көмек сұрайтынын ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG